
ЕҰУ-да туризм бағыты бойынша PhD докторлық дәрежесі ресми түрде табысталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында Амина Бердібековаға «Туризм» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дипломын ресми түрде табыстау рәсімі өтті.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың 10 сәуірінде Амина Бердібекова «Development of the Tourism Industry of the Republic of Kazakhstan» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Диссертацияны қорғау ағылшын тілінде өтті.
Ғылыми жетекшісі - Ляйля Муталиева, ал шетелдік ғылыми кеңесшісі - Нутфилло Ибрагимов.
Ғылыми зерттеу Қазақстан Республикасының туристік индустриясының қазіргі жағдайын, әлеуеті мен болашақ даму перспективаларын зерттеуге арналды. Диссертацияда туризм саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, туризмді дамыту тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанды халықаралық деңгейде тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілету мәселелері қарастырылды.
Диссертацияны қорғау нәтижесінде зерттеу жұмысы комиссия мүшелері тарапынан жоғары бағаланып, тақырыптың өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығы ерекше аталып өтті.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Туризм кафедрасының ұжымы Амина Бердібекованы диссертациясын сәтті қорғауымен және PhD докторы дәрежесінің ресми түрде берілуімен құттықтап, ғылыми, педагогикалық және кәсіби қызметіне толағай табыс тілейді.
