
Физикалық және экономикалық география кафедрасының студенттері Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау нысанында өндірістік практикадан өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының студенттері өндірістік практика аясында Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғауға арналған гидротехникалық нысанға барды.
Экскурсия барысында білім алушылар қорғаныс дамбасының, су қоймасының және тасқын суларын реттеу жүйесінің жұмысымен танысты. Мамандар студенттерге гидротехникалық құрылыстардың жұмыс істеу қағидаларын, су деңгейін бақылау тәсілдерін және су басудың алдын алу шараларын түсіндірді.
Сонымен қатар қатысушылар нысанның сызбалық макетін, су өлшеу құрылғыларын және ықтимал тасқын қаупі кезінде халықты хабардар ету жүйесін көрді. Практика барысында гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын бақылау, шлюздердің жұмысын реттеу және су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Өндірістік практика студенттердің гидрология, су ресурстарын басқару және табиғи қауіптер географиясы бағыттары бойынша теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Нысанға жасалған сапар гидротехникалық жүйелердің маңызын және олардың қала мен оған жақын аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін тереңірек түсінуге ықпал етті.
