
ЕҰУ-ға Өзбекстан Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов келді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті, белгілі математик-ғалым Шавкат Аюпов келді. Кездесу университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, екі ел арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Қонақ Механика-математика факультетінің, Физика-техникалық ғылымдар институтының және Цифрлық ғылымдар мен жасанды интеллект институтының өкілдерімен кездесіп, университеттің ғылыми бағыттарымен танысты.
Іс-шара барысында ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай университет ұжымын 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен ғылыми байланыстардың маңызын атап өтті.
«Екі мемлекет арасындағы көпқырлы ынтымақтастық бүгінде қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Өзбекстанды ортақ тарих, мәдени байланыс және бауырластық қарым-қатынас біріктіреді. Осындай кездесулер тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және ғалымдар арасындағы халықаралық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді проректор.
Өз кезегінде Шавкат Аюпов Өзбекстандағы ғылымның қазіргі даму бағыттары туралы айтып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың өзектілігіне тоқталды.
«Бүгінде ғылым шекара талғамайды. Заманауи зерттеулер мен инновациялық жобалар халықаралық ынтымақтастық арқылы дамиды. Еуразия ұлттық университетінің 30 жыл ішінде қалыптасқан ғылыми әлеуеті жоғары. Алдағы уақытта бірлескен зерттеулер жүргізіп, ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру бойынша ұсыныстарымыз бар», - деді математик-ғалым.
Кездесу соңында университеттің 30 жылдығына арналған мерекелік медаль Шавкат Аюповқа табысталды.
