
ЕҰУ-да өткен тарих пәні олимпиадасына 14 жоғары оқу орнының командалары қатысты

Жоғары оқу орындары студенттері арасында 6В02203 – «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық пәндік олимпиада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.
Аталмыш шара - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналды.
Айта кетсек, 2025 жылы Торайғыров университетінде өткен XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиадада Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасында жасақталған «Күлтегін» командасы І орын алуына сәйкес 2026 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында студенттердің XVIII республикалық пәндік олимпиадасын өткізу құқығына ие болды.
Олимпиада жұмысына Қазақстанның он төрт ЖОО-нан студенттер қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашхынбай қатысушыларға сәттілік тіледі. Тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағанбетов студент- жастардың шынайы білімді көрсетулеріне тілектестігін білдірді.
Сайыс барысында команданы таныстыру, оның ұраны, логотипі, университет пен факультеттің жетістіктерін айқындайтын тур - сәлемдесу деп аталса, үй тапсырмасына арналған екінші турда - командалар «Ұлт тарихын зерделеудегі тарихи мұра және тұлғатану» тақырыбында ғылыми жоба қорғады. Үшінші тур – капитандар байқауында команда көшбасшыларының білім деңгейлері сарапталды.
Студенттердің білім бәйгесін бағалауда кафедра профессорлары – тарих ғылымдарының докторлары М.Алпысбес, З.Дукенбаева, Г.Мусабалина қазылар алқасы құрамында жұмыс жасады. Комиссия төрағасы міндетін атқаруға С.Сейфуллин атындағы агрогтехникалық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.Ж. Нұрбай шақырылды.
Қорытындысында:
І Дәрежелі дипломмен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген «Фараби» командасы;
ІІ Дәрежелі дипломмен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» және Торайғыров университетінен «Ertis generation» командалары;
ІІІ Дәрежелі дипломмен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Жұбановшылар», Alikhan Bokeikhan Universityнің «Алаш қырандары» және Астана Халықаралық университетінің «Есіл» командалары марапатталды.
Кафедра меңгерушісі Құралай Сейтказина қатысушыларды жүлделі жеңістерімен құттықтады.
Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен сертификаттар, сыйлықтар табысталды.
