
Физикалық және экономикалық география кафедрасының студенттері А.И. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталыққа экскурсия жасады

2026 жылғы 21 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының студенттері Қазақстандағы ауыл шаруашылығы ғылымының жетекші орталықтарының бірі — А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына танымдық экскурсия жасады.
Экскурсия барысында студенттер орталықтың құрылу тарихымен, негізгі ғылыми бағыттарымен және зерттеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар орталық мұражайын аралап, аграрлық ғылымның дамуы мен тың және тыңайған жерлерді игеру тарихы жөнінде құнды мәліметтер алды.
Мамандар білім алушыларға селекция және өсімдік шаруашылығы саласындағы ғылыми жұмыстар, бидайдың жаңа сорттарын шығару және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытындағы зерттеулер туралы баяндады. Әсіресе, Александр Иванович Бараев әзірлеген топырақ қорғау жүйесіне ерекше назар аударылып, оның топырақ эрозиясының алдын алудағы маңызы түсіндірілді.
Сондай-ақ студенттер институттың фермерлік шаруашылықтармен ынтымақтастығы, халықаралық ғылыми байланыстары және ғылыми жобалары туралы ақпарат алды. Экскурсия білім алушылардың ауыл шаруашылығы географиясы, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және агроөнеркәсіптік кешеннің даму ерекшеліктері жөніндегі теориялық білімдерін толықтыруға мүмкіндік берді.
Танымдық сапар студенттердің кәсіби қызығушылығын арттырып, Қазақстандағы аграрлық ғылымның даму бағыттарымен тереңірек танысуға ықпал етті.
