
ЕҰУ-да жасанды интеллект дәуіріндегі аудиттің болашағы талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында «Аудит және салық салудағы жасанды интеллектінің қолданылуы: қиындықтар, мүмкіндіктер және кәсіби құзыреттіліктердің өзгеруі» тақырыбында Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі Оқу-әдістемелік бірлестігінің «Аудит және салық салу» кадрларын даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының кеңейтілген мәжілісі өтті.
Кеңейтілген мәжілісте аудит, бухгалтерлік есеп, мемлекеттік аудит және салық салу салаларындағы жасанды интеллект технологияларын енгізу, цифрлық трансформация жағдайындағы кәсіби құзыреттердің өзгеруі, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселелері талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың, кәсіби қауымдастықтардың, жұмыс берушілер мен академиялық ортаның өкілдері қатысты.
Жиынды РОӘК ОӘБ төрағасының орынбасары Ардақ Бейсенбай жүргізіп күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталды.
Мәжіліс барысында кіріспе сөз сөйлеген ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Ю.Энгель, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары А.Бектұрова, ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары К.Исаков, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығының директоры Н.Рахметов және «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры А.Бейсенбенов цифрлық экономиканың жаңа талаптарына сай мамандар даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
Күн тәртібіндегі алғашқы баяндамада Польшадағы мемлекеттік қаржы секторы субъектілеріндегі ішкі аудит және оны үйлестіру мәселелері қарастырылды. Abraham & Ben Hadar Law and Audit директоры Р.Бобкер халықаралық тәжірибені таныстырып, мемлекеттік қаржы секторындағы аудит жүйесінің тиімділігін арттыру жолдары туралы баяндады.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Квазимемлекеттік сектор аудиті департаментінің ауыл шаруашылығы секторының меңгерушісі А.Бексултанов «Мемлекеттік аудиттің жаңа моделі: тиімділік пен ашықтықты арттырудағы жасанды интеллектінің рөлі» тақырыбында баяндама жасап, тәуекелге бағдарланған аудит пен аналитикалық жүйелердің маңызын атап өтті.
Samruk Business Academy HR-консалтинг жөніндегі басқарушы директоры, PhD
А.Идрисов өз баяндамасында Қытай тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік аудиттегі жасанды интеллект құралдарын пайдалану мен Қазақстандағы қаржылық бақылауды цифрлық трансформациялау перспективаларына тоқталды. Сонымен қатар, жиында
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ базасында жасанды интеллект алгоритмдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін зерттеу зертханаларын құру мәселесі көтерілді.
«White Kass» бухгалтерлік компаниясының директоры А.А. Вдовиченко бухгалтерлік есеп жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге қажетті құзыреттер мен тәжірибелер жөнінде баяндама жасады. Ал М.Әуезов атындағы ОҚУ «Есеп және аудит» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., доцент Қ.Сатымбекова бухгалтерлік есепті оқытудағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланудың жаңа тәсілдерін ұсынды.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің профессоры, э.ғ.д. С.Миржакыпова қаржы-экономика саласындағы кәсіби біліктіліктерді дамыту мәселелеріне тоқталып, халықаралық кәсіби стандарттар мен ACCA бағдарламаларын білім беру үдерісіне енгізудің өзектілігін атап өтті.
Мәжіліс барысында «Аудит және салық салу» ОӘБ секциясының жетекшісі, э.ғ.д., профессор Л.Сембиева 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, секция қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы міндеттерін талқылады. Сонымен қатар кеңейтілген мәжіліс аясында РОӘК ОӘБ Жобаларды басқару тобының грифін алуға ұсынылған басылымдар қарастырылып, олардың білім беру үдерісіндегі маңызы сөз болды.
Кеңейтілген мәжіліс соңында қатысушылар 2025–2026 оқу жылын қорытындылау аясында аудит, мемлекеттік аудит, бухгалтерлік есеп және салық салу салаларындағы цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің өзекті мәселелерін талқылады. Жиында айтылған ұсыныстар мен бастамалар білім беру бағдарламаларын жетілдіру, кәсіби құзыреттерді дамыту және халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізу бағытындағы алдағы жұмыстарда ескерілетіні атап өтілді. Оқу жылын қорытындылау жиынының кеңейтілген форматта өтуі академиялық орта, кәсіби қауымдастықтар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға тиімді алаң болды.
