
ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің доценті Оңайгүл Тұржан «Парасат» орденімен марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Оңайгүл Ізтұрғанқызы Тұржан «Парасат» орденімен марапатталды.
Жоғары мемлекеттік награда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі мен ел алдындағы айрықша еңбегі үшін табысталды.
Оңайгүл Тұржан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін тәмамдаған. 2005 жылы «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Ғалымның ғылыми-зерттеу бағыттарына заманауи коммуникация, журналистика, медиапсихология, ақпараттық қауіпсіздік, интернет пен жаңа медианың дамуы мәселелері кіреді. Сонымен қатар, ол цифрлық трансформация жағдайындағы бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамның өзара байланысын зерттеуге ерекше көңіл бөледі.
Оңайгүл Тұржан «Паблик рилейшнз теориясы мен практикасы», «Имиджелогия», «Медиапсихология», «Қоғаммен байланыстың заманауи технологиялары», сондай-ақ «Медиаэкология: медиаиммунитет пен медиасауаттылық аспектілері» пәндерінен дәріс оқиды.
Ұстаздың кәсіби жетістіктері мен білім мен ғылым саласын дамытуға қосқан үлесі бірнеше мәрте мемлекеттік және қоғамдық марапаттармен атап өтілді. 2021 жылы Оңайгүл Тұржан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 2022 жылы ЕҰУ-дың 25 жылдығына арналған медаліне және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатына ие болды. Ал 2024 жылы халықаралық атақтар мен дипломдардың иегері атанды.
