
ЕҰУ-да генерал-майор Еділ Оразовқа құрмет көрсетілді

ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-патриоттық орталығында Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының басшысы, генерал-майор Еділ Лұқпанұлы Оразов 70 жасқа толуына орай «Еділдей терең, Жайықтай жайсаң азамат» атты салтанатты шара өтті.
Мерейтойлық іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, министрлік өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында мерейтой иесіне құттықтау лебіздер айтылып, оның ел қауіпсіздігі мен әскери білім беру саласына сіңірген елеулі еңбегі ерекше аталып өтті.
Іс-шара барысында «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқармасының төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, мерейтой иесі Еділ Оразовты университеттің ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалімен марапаттады.
«Сіздің ғұмырыңыз – Отанға адал қызмет етудің, жоғары офицерлік абырой мен өз ісіне беріктіктің жарқын үлгісі. Сіз Қарулы Күштер қатарында взвод командирінен бастап әскери қызметтің барлық баспалдақтарынан өтіп, Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуына зор үлес қостыңыз.
Бүгінде 30 жылдық тарихы бар Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында мол тәжірибеңіз бен кәсіби біліміңізді жас ұрпақ тәрбиесіне арнап келесіз.
Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тағылымды сөзін негізге ала отырып, Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр және отбасылық бақыт тілейміз», - деді ректор.
Кеш барысында мерейтой иесінің әскери қызметтегі және ұстаздық жолындағы өнегелі өмірі кеңінен насихатталып, әріптестері мен шәкірттері ізгі тілектерін білдірді.Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылыған көрмені тамашалады.
Айта кетейік, генерал-майор Еділ Оразов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мекемелерінде, Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында әртүрлі командалық-штабтық лауазымдарда басшылық қызмет атқарды.
Көп жылдар бойы әскери білім жүйесінде жұмыс істеді. Оның ішінде: Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басшысы, ҚР ҚК Әскери академиясының басшысы қызметтерін атқарды. Ұлттық қорғаныс университетінің бірінші бастығы, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы болды. Бүгінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасын басқарып отыр.
