
ЕҰУ-да «ENU darts league» кәсіби ашық турнирі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында Механика-математика факультетінің ұйымдастыруымен «ENU Darts League» кәсіби ашық турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Ауқымды спорттық шара университеттің 30 жылдық мерейтойына арналған «Мерейлі ай» бағдарламасы аясындағы 30 іс-шараның қорытынды, жабылу рәсімі ретінде өткізілді.
Турнирдің басты мақсаты - университет ұжымының бірлігін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, оқытушылар мен студенттер арасындағы спорттық байланысты арттыру, сондай-ақ дартс спортының кәсіби бағытта дамуына серпін беру болды.
Аталған турнирге университеттің факультеттері, институттары мен жоғары мектептерінен құралған 11 команда қатысып, жалпы саны 33 қатысушы бақ сынады. Турнир барысында қатысушылар жоғары дәлдік пен мергендікті талап ететін дартс спорты бойынша өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Шараның ашылу салтанатына университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы арнайы қатысты. Турнирдің шымылдығын академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде проректор университет қабырғасында спорттық клубтардың дамуы - жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңадан құрылған «ENU Darts Club» клубының болашағына жоғары баға беріп, алдағы уақытта ауқымды жобаларды жүзеге асырып, университет абыройын асқақтата беретініне сенім білдірді.
Турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына биыл ғана құрылған «ENU Darts Club» мүшелері ерекше үлес қосты. Клуб мүшелері турнирдің барлық ұйымдастырушылық және техникалық жұмыстарын үйлестіріп, жарыстың кәсіби талаптарға сай өтуіне үлкен еңбек сіңірді. Университет қабырғасында дартс спортына деген қызығушылықтың артуы - клуб жұмысының жүйелі жүргізіліп келе жатқанын көрсетті.
Аталған шараның ұйымдастырушылық жұмыстарына белсенді араласқан:
Әділбек Қалиев - «ENU Darts Club» төрағасы, механика кафедрасының меңгерушісі,
Самат Бітімхан - ММФ спорт клубының төрағасы, Іргелі математика кафедрасының доценті;
Данагүл Қаратаева - механика-математика факультетінің декан орынбасары.
Сонымен қатар, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен демеушілердің еңбегі ерекше аталып өтті. Турнирдің ұйымдастырылуына демеушілік жасаған «Zerdeli Education» компаниясына, «ENU Darts Club» клубына жаңа кәсіби дартс құрылғыларын алып беруге қолдау білдірген Моңғолия Елшілігі мен академик Рысқұл Ойнарұлына ұйымдастырушылар ерекше алғыс білдірді. Осындай қолдаулардың арқасында университет қабырғасындағы жаңа спорттық бастамалар жүйелі түрде дамып, студенттік ортада кеңінен насихатталуда.
Ұйымдастырушылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде турнир жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар мен көрермендер тарапынан ерекше қолдауға ие болды.
Турнир нәтижесі бойынша:
І орынды - Жаратылыстану ғылымдары институтының 1 курс докторанты Еркин Усалинов иеленді.
ІІ орынды - Механика-математика факультетінің Жоғары математика кафедрасының меңгерушісі Мырзагали Оспанов жеңіп алды.
ІІІ орын - Көлік-энергетика факультетінің академиялық мәселелер жөнінде декан орынбасары Зура Сансызбаеваға бұйырды.
Арнайы «Жеңіске деген жігер» номинация иегері атанған - Сәулет-құрылыс факультетінің аға оқытушысы Дулат Абдрасилов алды.
Турнир соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен, кубоктармен және сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай кәсіби деңгейдегі жарыстардың университет өмірінде жиі ұйымдастырылуы қажеттігін атап өтті.
Бүгінде «ENU Darts Club» университет қабырғасындағы жаңа спорттық бағыттардың біріне айналып, студенттер мен оқытушылар арасында дартс спорты мәдениетін қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта «ENU Darts League» турнирі дәстүрлі түрде өткізіліп, халықаралық деңгейдегі жобалармен толықпақ.
