
«Әлем мәдениеті және дизайн тарихы» шығармашылық көрмесі

«Сәулеттік дизайн» және «Графикалық дизайн» білім беру бағдарламаларының 2 курс студенттерінің «Материалдық мәдениет пен дизайн тарихы» пәні бойынша орындаған практикалық тапсырмаларынан шығармашылық көрме ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты – студенттердің тарихи-мәдени мұра туралы білімдерін тереңдету, дизайн өнерінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін таныстыру және кәсіби шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Көрмеде дизайн өнерінің тарихы мен материалдық мәдениеттің даму кезеңдеріне арналған шығармашылық жұмыстар ұсынылды. Атап айтқанда, Мырзағалиева Айша, Халмұрат Ерке, Маратқызы Айнұр, Бақытбек Айдана, Динова Еркеназ, Әбдіәшім Шұғыла, Кенжебекова Эльвира, Қайратқызы Эльвира, Нұғыман Нұршат, Мейрамбекова Балнұр және басқа да практикалық тапсырмаларды үздік орындаған студенттердің жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.
Көрмені педагогика ғылымдарының кандидаты, кауымдаст. профессор м.а. Турикпенова Сандугаш Жумановна ұйымдастырды. Студенттердің шығармашылық жұмыстарында тарихи дәуірге дейінгі материалдық мәдениет, Ежелгі әлем мәдениеті, Ежелгі Рим, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің мәдениеті, Көшпенділердің материалдық мәдениеті, Батыс Еуропа орта ғасыр мәдениеті, Ежелгі Русь және Солтүстік Еуропа халықтарының мәдени ерекшеліктері қамтылды. Сонымен қатар, көрмеде дизайн өнерінің қалыптасуы, даму тарихы, түрлері және олардың пайда болу себептері тақырыптарындағы практикалық жұмыстар қойылды.
Ұсынылған жұмыстар студенттердің тарихи-мәдени мұраны зерттеу арқылы кәсіби ойлау қабілеті мен шығармашылық ізденісін дамытуға бағытталды. Көрме болашақ дизайнерлердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, тарихи стильдер мен мәдени ерекшеліктерді заманауи дизайнмен байланыстыра білу дағдыларын көрсетті.

