
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Әбдірашид Жүкеновке «Құрметті профессор» атағын беру рәсімі өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер-практик әрі ғалым Әбдірашид Төлегенұлы Жүкеновке «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры» атағын беру салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты жиынның модераторы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Мамытбекұлы Сматлаев болды.
Құттықтау сөз сөйлеген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Басқарма төрағасы – Ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Батташұлы Сыдықов Әбдірашид Төлегенұлының Қазақстанның сот және құқық қорғау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ректор өз сөзінде оның жоғары кәсібилігін, әділеттілік қағидаттарына адалдығын және жас заңгерлерді даярлау жолындағы көпжылдық еңбегін ерекше атап өтті.
Салтанатты рәсім аясында Әбдірашид Төлегенұлына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры дипломы мен мантиясы табысталды.
Заң факультетінің деканы Бауыржан Мамытбекұлы Сматлаев та арнайы баяндама жасап, «Құрметті профессор» атағын беру – Әбдірашид Төлегенұлының мемлекетке сіңірген көпжылдық еңбегінің, қылмыстық құқық, сот тәжірибесі және заңгерлік білім беру салаларын дамытуға қосқан зор үлесінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар декан Әбдірашид Жүкеновтің кәсіби жолы жас заңгерлер үшін принципшілдік пен әділдіктің, жоғары мемлекеттік жауапкершіліктің үлгісі екенін жеткізді.
Рәсім барысында заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Алданғорұлы Сәрсембаев және заң ғылымдарының докторы, профессор Қуаныш Жетпісұлы Балтабаев та құттықтау сөз сөйлеп, Әбдірашид Төлегенұлының құқықтық ғылым мен құқық қолдану тәжірибесін дамытуға қосқан үлесін, заң саласындағы жоғары беделі мен білікті мамандар даярлау жолындағы ұзақ жылғы еңбегін ерекше атап өтті.
Іс-шараға ғылыми және заң қауымдастығының өкілдері, оқытушылар, студенттер, магистранттар, докторанттар, әріптестер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары Өмірсерік Сағындықұлы Қожабаев пен Төлебай Әжібекұлы Қожан, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұрынғы орынбасары Ерлік Әбдірахымұлы Кененбаев, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қайрат Төлегенұлы Жақыпбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Шамильұлы Борчашвили, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Бейсенбекұлы Сафинов, сондай-ақ отставкадағы судья Ермек Қуандықұлы Серекбаев болды.
Әбдірашид Төлегенұлы Жүкенов қырық жылдан астам уақытын Қазақстан Республикасының сот және құқық қорғау жүйесіндегі қызметке арнады. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, сондай-ақ Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Салтанатты рәсімнің қорытындысында Әбдірашид Төлегенұлы университет басшылығына және заң факультетінің ұжымына көрсетілген сенім мен кәсіби қызметіне берілген жоғары баға үшін алғысын білдірді. Іс-шара қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды.
