
«Қазақстан-Қытай: Cандық экономика және «Бір белдеу, Бір жол» бастамасы – 2026» атты 1-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

2026 жылғы 23 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасының ұйымдастыруымен және Нанкай университетімен бірлесіп «Қазақстан – Қытай: Цифрлық экономика және «Бір белдеу, бір жол» – 2026» атты I Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жоғары деңгейде табысты өтті.
Конференцияға Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, жас зерттеушілер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Пленарлық және секциялық отырыстар барысында цифрлық экономика, жасанды интеллект, білім беру жүйесінің трансформациясы, халықаралық ынтымақтастық және еңбек нарығындағы өзгерістер секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Конференцияда Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Астана халықаралық университеті және басқа да жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері баяндама жасады. Сонымен қатар, Нанкай университетімен бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан магистранттар арнайы келіп, конференция жұмысына белсенді қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы цифрлық серіктестікті дамытуға ерекше назар аударылды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырудың болашағын талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша цифрлық экономиканы дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы ұсыныстар қабылданды. Іс-шара қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, ғылыми диалог пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.
