
Алтын Орда – дала өркениеті моделі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік» халықаралық симпозиумы

Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениеті моделі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік» атты халықаралық симпозиум бүкіл түркі және еуразиялық кеңістік үшін жылдың ең маңызды гуманитарлық оқиғаларының біріне айналды. ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды форум әлемнің 23 мемлекетінен 300-ден астам жетекші медиевист пен шығыстанушы ғалымдардың басын қосты. Қатысушылар көшпелі империяның мемлекеттік құрылымын, мәдениеті мен бірегейлігін егжей-тегжейлі талдап, Қазақстанды осы тарихи мұраның негізгі құқықтық мұрагері ретінде таныды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Алтын Орда шежіресі – бұл адамзаттың ортақ тарихы» екенін қадап айтып, Ұлы дала мұрасын саясиланған таптаурындарсыз, объективті түрде қайта пайымдау қажеттігін атап өтті.
Іс-шараның жоғары мәртебесін халықаралық сарапшылар, әлемдік ғылыми және мәдени институттардың бірінші басшылары растады, олардың берген бағасы құрғақ академиялық баяндамалардың шеңберінен әлдеқайда асып түсті.
Шетелдік делегаттар Орда феноменінің тұжырымдамалық маңыздылығынан бөлек, форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылуын да ерекше атап өтті. Әр елден келген профессорлар мен ғылым академияларының басшылары Астананың ауқымы жағынан теңдессіз диалог алаңын құра білгені туралы ортақ мәмілеге келді. Сарапшылар секциялық отырыстардың мінсіз ұйымдастырылуын және Қазақстанның халықаралық ғылыми күн тәртібінде ортақ тарихты ілгерілетудегі ашықтығын ерекше атап өтті.
Екі күндік жұмыстың қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Онда қатысушылар қабылдаушы тарапқа жоғары деңгейдегі қонақжайлылығы үшін ресми түрде алғыс білдіріп, алтынордалық зерттеулерді сапалы жаңа халықаралық деңгейге шығару бағытын бекітті.
Шетелдік қонақтардың мұндай жоғары әсерде болуына көп жағдайда ұйымдастыру тобының үйлесімді ішкі жұмысы септігін тигізді. Сондай-ақ, жайлы әрі ашық атмосфераның қалыптасуына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Шет тілдер кафедрасы да өз үлесін қосты. Кафедра оқытушылары мәртебелі қонақтар үшін кәсіби жолбасшы әрі лингвистикалық куратор ретінде қызмет атқарды. Олардың қолдауы, мәдениетаралық коммуникацияны терең түсінуі және форум кезеңдеріндегі үйлесімді әрекетінің арқасында халықаралық делегаттар шынайы қазақи қонақжайлылықты сезіне алды.
Ұйымдастыру деңгейіне өз ризашылығы мен жоғары бағасын бергендердің қатарында:
К.А. Рамазанов – Башқұртстан Ғылым академиясының президенті;
Кемаоглы Ильяс – Marmara University профессоры, Түркітану институтының директоры;
Ш.А. Аюпов – Өзбекстан Ғылым академиясының президенті;
Atik Kubilay – Невшехир Хаджи Бекташ Вели университетінің Орта ғасыр зерттеулері кафедрасының меңгерушісі;
Поу Линдси Стивен – Калгари университетінің (Канада) ғылыми қызметкері және басқалар бар;
Хайрунисса Алан - Стамбул Медениеті университетінің профессоры
Бүгінгі таңда мұндай форумдар өте маңызды, өйткені олар Ұлы дала тарихына өзінің шынайы, әлемдік ауқымын қайтарып береді. Астанадағы симпозиум Алтын Орда мұрасына деген қызығушылықтың тек аймақтық тақырып болудан қалғанын және жаһандық ғылыми әрі мәдени диалогтың бөлшегіне айналып үлгергенін көрсетті.
