
6B05209 – География білім беру бағдарламасының студенттері «Astana Ютария LTD» компаниясына өндірістік экскурсия жасады

2026 жылғы 26 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05209 – География білім беру бағдарламасының студенттері өндірістік практика аясында «Astana Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясына танымдық экскурсия жасады.
Экскурсия барысында білім алушылар кәсіпорынның ішкі жұмысымен танысып, арнайы жұмыс киімдері, медициналық киімдер және басқа да тоқыма өнімдерін өндіру кезеңдерін өз көзімен көрді. Компания мамандары студенттерге өндіріс орнының тарихы, негізгі қызмет бағыттары, заманауи цехтары мен техникалық жабдықтары туралы ақпарат берді.
Студенттер матаны пішуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті бақылады. Автоматтандырылған машиналар мен тігін желілерінің жұмысы, өндірісті ұйымдастыру тәртібі және өнім сапасын қамтамасыз ету тәсілдері ерекше қызығушылық тудырды.
Бұл экскурсия география білім беру бағдарламасының студенттері үшін өндіріс географиясы, еңбек ресурстары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың орналасу факторлары және аймақтық экономиканың даму ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде түсінуге мүмкіндік берді. Білім алушылар теориялық білімнің нақты өндірістік ортада қалай қолданылатынын көріп, Қазақстандағы заманауи жеңіл өнеркәсіптің даму бағытымен танысты.
Танымдық сапар студенттердің кәсіби көзқарасын кеңейтіп, өндірістік үдерістерді экономикалық-географиялық тұрғыдан талдау дағдыларын дамытуға ықпал етті.
