
ЕҰУ-да бірінші курс білім беру бағдарламаларын қайта жобалау бойынша бағдарлама басталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор-оқытушылар құрамына арналған «Педагогтің әлеуетін ашатын өсу ойлауы. 1-курс білім беру бағдарламаларын қайта жобалау, жалпы білім беру өзегін жаңарту және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың өзіндік бірегей даму моделін әзірлеу» атты біліктілікті арттыру курсы басталды.
Бағдарламаның салтанатты ашылуында академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашқынбай сөз сөйледі. Сонымен қатар курс ұйымдастырушысы, жетекші тренері, Global Nomad Education компаниясының негізін қалаушы Алмагүл Қанағатова қатысушыларға құттықтау лебізін білдірді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты - курс қатысушыларын growth mindset қағидаттарына және практикалық-бағдарланған жобалауға негізделген 1-курс білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде қайта жобалауға үйрету. Сонымен қатар жалпы білім беру өзегін жаңартуға, заманауи академиялық, институционалдық және еңбек нарығы талаптарына, сондай-ақ тізілім талаптарына сәйкес келетін қолданбалы бағдарлама моделін әзірлеуге бағыттау.
Курс аясында қатысушылар:
- жоғары білім беруді трансформациялаудың заманауи үрдістерін;
- құзыреттілікке негізделген тәсілдер мен оқу нәтижелерін жобалауды;
- жалпы білім беру ядросын қалыптастыру тәсілдерін;
- білім беру бағдарламаларын модульдік және пәнаралық тұрғыда құруды;
- бірінші курс пәндерінің syllabus бағдарламаларын әзірлеу мен жаңартуды;
- білім беру бағдарламаларының еңбек нарығымен және болашақ мамандықтармен байланысын;
- академиялық даму саласындағы жергілікті және халықаралық тәжірибелерді зерделейді.
Бағдарлама білім беру бағдарламаларының жетекшілеріне, әдіскерлерге, академиялық даму департаменттерінің қызметкерлеріне және бірінші курс бағдарламаларын жаңартуға тартылған оқытушыларға арналған.
Курстың жалпы көлемі - 80 академиялық сағат. Оның 40 сағаты офлайн форматта, ал 40 сағаты онлайн форматта өтеді.
