
Корея Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі Пак Чжин ЕҰУ-да дәріс оқыды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Корея Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі Пак Чжин «Корея мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің болашағы» тақырыбында дәріс оқыды.
Іс-шара халықаралық қатынастардың қазіргі үрдістерін, Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызын, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтудағы білім мен ғылымның рөлін жан-жақты талқылауға арналды.
Дәріске оқу ордасының профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен жас зерттеушілер қатысты.
Жиынның ашылуында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөзінде Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық және ғылыми байланыстардың қарқынды дамуы екіжақты әріптестіктің маңызды бағыттарының біріне айналғанын атап өтті.
«Біз университетіміздегі білім беру бағдарламаларын дамытуға, ғылыми зерттеулер мен мәдениетаралық алмасуды ілгерілетуге елеулі үлес қосып келе жатқан Корея Республикасының шақырылған оқытушылары мен ғылыми кеңесшілерінің еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл ынтымақтастық тек ресми келісімдермен ғана шектелмейді. Ол академиялық ұтқырлық үдерісінен, бірлескен ғылыми жобалардан, корей тілін оқыту ісінен, тәжірибе алмасудан, сондай-ақ оқытушылар, зерттеушілер мен студенттер арасындағы тікелей байланыстардың кеңеюінен айқын көрініс табуда», - деді ректор.
Өз кезегінде Пак Чжин ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы қарым-қатынастың сенімге, өзара құрметке, экономикалық және мәдени байланыстарға негізделгенін айтты. Ол бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық деңгейге көтеріліп, ғылым, инновация, цифрлық технологиялар және адами капиталды дамыту бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Пак Чжин Еуразия ұлттық университетін Орталық Азиядағы маңызды академиялық және стратегиялық әріптестік алаңы ретінде жоғары бағалап, оның халықаралық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесіне тоқталды.
Іс-шара соңында Пак Чжинға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.
Айта кетейік, ЕҰУ бірнеше жылдан бері Оңтүстік Кореямен қол қойылған келісімдер мен меморандумдар аясында тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Қазіргі таңда университет Корея Республикасының жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарымен 20-дан астам ынтымақтастық келісіміне қол қойған.
2022 жылдан бері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ЕҰУ-дың 84 студенті Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарында білім алды. Сонымен қатар, Welcome to ENU бағдарламасы арқылы университетте 14 шетелдік студент оқыды. Ал 2022 жылдан бастап Корея Республикасынан келген 11 студент ЕҰУ-да білім алуда.
