
«Өміріме айналған университет»: ЕҰУ-да мерейтойлық кеш өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Өміріме айналған Университет» атты салтанатты кеш өтті. Бұл ерекше атмосферада өткен кеш тек университеттің тарихын еске алу ғана емес, оның рухын, дәстүрін, тағдырын және болашағын сезіндірген тағылымды мереке болды.
Мерекелік кештің шымылдығын арнайы құрылған шығармашылық ұжым ашты. Жақында ғана құрылғанына қарамастан, өнер ұжымы өзінің алғашқы үлкен сахналық бағдарламасын туған университеттің 30 жылдығына арнады. Көркемдік жетекшісі әрі дирижері - «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының хормейстері Ержан Сансызбаев. Кеш барысында қазақтың халық әні «Назқоңыр» және композитор Б.Оралұлы мен ақын Ш.Сариевтің «Толғау» шығармасы орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Екі туындыны да хорға өңдеген - Ғалымжан Берекешов, ал солист ретінде Артур Габдиев өнер көрсетті.
Салтанатты кеште университеттің елордамен бірге қалыптасқан тарихына ерекше назар аударылды. Осыдан отыз жыл бұрын жас Астананың жүрегінде Еуразия ұлттық университетінің де жаңа тарихы басталды. Елордамен бірге университет те өсіп, дамыды: жаңа факультеттер ашылды, жаңа идеялар өмірге келді, жаңа буын қалыптасты. ЕҰУ көптеген жас үшін арманға апарар үлкен жолдың бір бөлігіне айналды.
Әсем шаһарға арналған музыкалық тарту ретінде Төлеген Мұхамеджановтың «Город мой» әнін Физика, техника және ақпараттық технологиялар институтының магистранты Спандияр Талғатұлы орындады.
Шара барысында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университет тағдырына айналған бір топ жанға құрмет көрсетіп, «ЕҰУ-ға 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
«Бұл мерейтой – тек университет ұжымының ғана емес, осы қара шаңырақта білім алған әрбір түлектің, еңбек еткен әрбір ұстаздың, бүгінде білім алып жатқан әрбір студенттің ортақ қуанышы. Университет – біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне, жүрегімізге жақын мекенге айналды.30 жылдыққа арналған іс шаралар бүгінмен бітпейді, жыл бойы жалғасатын болады»,- деп атап өтті ректор.
Сондай-ақ университетпен тағдырын байланыстырған жандардың әсерлі естеліктері де айтылды. Солардың бірі – Цифрлық даму департаментінің директоры Әсел Омарбекова. Ол 2001 жылы жас оқытушы ретінде Астанаға алғаш келген сәтін еске алып, ЕҰУ ғимараты мен оның жастық рухынан ерекше шабыт алғанын айтты. Ал Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілептің бір кездегі «Осында жұмыс істесем ғой» деген арманы орындалып, өзі университеттің бір бөлшегіне айналғанын тебіреніспен жеткізді.
«Бұл – тек Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы емес, жалпы отандық ғылым мен жоғары білімнің мерекесі. Әрбір оқытушы осы жерде дәріс оқуды армандайды, әрбір жас түлек осында білім алуға ұмтылады.
Мен бакалавриатты Тараз қаласында тәмамдадым. 2011 жылы оқуымды аяқтаған соң Астанаға келдім. Сол сәттен бастап басты мақсатым – ЕҰУ болды. Бүгінде Еуразиялық ұлттық университетпен байланысымның орнағанына 14 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде білім алып қана қоймай, қызмет етіп келемін. Өмірлік жарымды да осы ортадан жолықтырдым.
Бұл университет менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Сол үшін ерекше қуаныштымын», – деді Жамбыл Тілеп.
ЕҰУ шын мәнінде жұлдызды университет. Бұл – жай ғана метафора емес. Университеттің оқытушылары, қызметкерлері мен түлектері жылдар бойы ЕҰУ-дың атын кеңінен танытып келеді, тіпті олардың тағдыры университетпен тығыз байланысты. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәжіліс депутаттары Жәмилә Нұрманбетова, Аманжол Әлтай, сондай-ақ белгілі ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен қоғам қайраткерлері осы сөзіміздің дәлелі.Сонымен қатар еліміздің жоғары білім жүйесінде табысты еңбек етіп жүрген ректорлар мен басшылардың да кәсіби жолы осы университетпен байланысты екені айтылды. Олардың қатарында Сырлыбаев Марат, Думан Орынбеков, Тұрсынзада Қуанғалиева, Талғат Ещжанов, Дархан Билялов бар.
Кештің ерекше бөлімдерінің бірі – ЕҰУ жанындағы айтыскерлер мектебінің тарихына арналды. 2001 жылы қазақ әдебиеті кафедрасы жанынан құрылған бұл ортада жас оқытушылар күндіз студенттерге дәріс оқып, кешке сахнада айтыс өнерін дамытты. Осы мектептен Аманжол Әлтай, Серікзат Дүйсенғазы, Балғымбек Имашев, Айбек Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы секілді танымал ақындар шықты. Бүгінде олардың жолын шәкірттері – «Алтын домбыра» иегерлері жалғастырып келеді. Сахнада белгілі айтыскер ақын, филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы мен оның шәкірттері өнер көрсетті.
Сондай-ақ университет тарихына есімдері алтын әріппен жазылған ардагер ұстаздар сахна төріне шақырылып, олардың өмір жолы мен университет туралы естеліктері тыңдалды. Солардың бірі – сәулет кафедрасының доценті, ғылым кандидаты Ұлқайырбек Дүйсебайұлы. Еңбек өтілінің 58 жылының 55 жылын университетпен байланыстырған ұстаз мерейтой қарсаңында «Ғасырларға жол салған 30 жыл» атты поэтикалық арнауын жазған.
Кеш барысында университет қабырғасындағы талант иелері де ерекше аталды. Ақын-жазушылар, музыканттар мен ғалымдар білім ордасының рухани келбетін айшықтай түсетіні сөз болды. Жазушы-ғалымдар Әміржан Әлпейісов, Тұрсынхан Зекен, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы мен «Парасат» орденінің иегері Оңайгүл Тұржанға арнайы құрмет көрсетіліп, көрермен зор қошемет білдірді.
Мерекеде ерекше тағдыр иелері де назардан тыс қалмады. Университет түлектері Қуандық Құлманов пен Әсем Құрмашқызы 1996 жылы оқу орнын тәмамдап, сол жылы шаңырақ көтеріп, дәл сол жылы университетте еңбек жолын бастаған. Биыл олардың еңбек еткеніне де, отасқандарына да, университеттің құрылғанына да 30 жыл толып отыр.
Кеш соңында университеттің болашағы туралы ой қозғалды. Мерейтой қарсаңында өткен «Болашақ ЕҰУ» эссе байқауы аясында студенттер мен оқытушылар арман университеттің келбетін сипаттаған. Экраннан көрсетілген ойлар мен армандар ЕҰУ-дың тек тарихпен ғана өмір сүрмейтінін, оның болашаққа сеніммен қарайтын үлкен рухани әрі интеллектуалдық орта екенін көрсетті.
«Бүгінгі «Өміріме айналған Университет» атты мерекелік кештен ерекше әсер алдым. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Кеш барысында университеттің тарихы, жетістіктері мен студенттердің өнері үйлесімді көрініс тапты.
Әсіресе, мерекелік кештің сценарийі көңілімнен шықты. Ән мен биден бөлек, университет өмірін бейнелейтін әсерлі видеолар мен сахналық көріністер ерекше атмосфера сыйлады. Бұл кештен университетке деген мақтаныш пен ыстық сезім анық байқалды.
Осындай тағылымды әрі мазмұнды шаралар жастарға үлкен мотивация береді деп ойлаймын. Университет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, мерейтой құтты болсын!», - деді ардагер ұстаз Күлзира Искакова.
Иә, ЕҰУ – бұл шекарасыз білім, шексіз мүмкіндік және Орталық Азияның дамуын айқындайтын ақыл-ой мекені.
