
ЕҰУ-дың 30 жылдығы аясында Өзбекстан жоғары оқу орындары өкілдерінің ресми сапары

Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында Өзбекстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері — Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Дильноза Холмуродова мен Өзбекстан мемлекеттік спорт академиясының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ойбек Хайитовтың ресми сапары өтті.
Құрметті қонақтардың сапары мерейтойлық іс-шаралардың маңызды бөлігіне айналып, Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болды.
Кездесу барысында серіктестік қатынастарды дамыту перспективалары, қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ бакалавриат және магистратура деңгейіндегі «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасу бағдарламалары талқыланды.
Тараптар жоғары білікті мамандарды бірлесіп даярлау, ғылыми және әдістемелік тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми конференциялар, спорттық іс-шаралар мен тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, халықаралық білім беру бағдарламаларын дамытуға және университеттер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қызығушылық білдірді.
