
ЕҰУ-да түлектермен онлайн кездесу өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бакалавриат және магистратураны бітіруші түлектерге арналған онлайн кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара Microsoft Teams платформасы арқылы өткізіліп, оған университеттің бітіруші курс студенттері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – қатысушыларды магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларына қабылдау ережелерімен, құжат тапсыру тәртібімен және оқуға түсу талаптарымен таныстыру.
Іс-шараны Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашхынбай ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кездесу барысында қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Айжан Сембаева магистратура және докторантураға қабылдау ережелері мен тәртібі туралы толық ақпарат берді. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің бастығы Ольга Лашкарева түсушілерге пререквизиттер мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Карьера және бизнес әріптестік бөлімінің бастығы Гүлнұр Смагулова мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін міндетті 3 жылдық еңбек өтеу талаптары жөнінде баяндады.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Іс-шараның қорытынды бөлімінде қабылдау науқанына қатысты маңызды ақпараттар тағы бір мәрте нақтыланып, түлектерге алдағы оқуына сәттілік тілінді.
Осындай ақпараттық кездесулер талапкерлердің магистратура мен докторантураға түсуге байланысты маңызды мәліметтерді уақтылы алуына және болашақ білім траекториясын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
