
6B05209 – География білім беру бағдарламасының білім алушылары Астана қаласындағы метеостанцияда болды

2026 жылғы 28 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05209 – География білім беру бағдарламасының 3-курс білім алушылары өндірістік практика аясында Астана қаласындағы метеостанцияға экскурсия жасады.
Экскурсия барысында білім алушылар метеорологиялық бақылау жүргізудің негізгі қағидалары мен әдістерімен танысты. Олар ауа температурасы, атмосфералық қысым, ылғалдылық, желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын мөлшерін өлшеуге арналған құрал-жабдықтардың жұмыс істеу тәртібін көрді. Атап айтқанда, термометр, барометр, гигрометр, анемометр, флюгер және жауын-шашын өлшегіш құралдардың қолданылу ерекшеліктері түсіндірілді.
Сонымен қатар білім алушылар метеостанцияда тәулік бойы жүргізілетін бақылаулардың маңызы, алынған деректерді жинақтау, өңдеу және синоптикалық талдау жасау жолдары туралы мәлімет алды. Практика барысында ауа райын болжау үдерісі, климаттық ерекшеліктерді анықтау, сондай-ақ метеорологиялық ақпараттың ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және төтенше жағдайлардың алдын алу салаларындағы рөлі түсіндірілді.
Экскурсия білім алушылардың теориялық білімін бекітіп, метеорология, климатология және табиғи қауіптер географиясы бағыттары бойынша кәсіби дағдыларын дамытуға ықпал етті.
