
«Зүлия» кітабының тұсаукесері өтті

Университетімізде Медиаөнер білім бағдарламасының 4-курс студенті Асем Жанатованың жаңа туындысы – «Зүлия» деректі хикаят кітабының таныстырылымы өтті.
Іс-шараға оқытушылар, студенттер, зиялы қауым өкілдері мен автордың жақындары қатысты. Кездесу барысында автор кітаптың жазылу тарихы мен идеясы туралы айтып, шығарманың дүниеге келуіне негіз болған оқиғалармен бөлісті.
«Зүлия» кітабына автордың әжесі Зүлия апаның өмір жолы арқау болған. Туындыда қазақ әйелінің тағдыры, өмірдің түрлі қиындықтары мен сынақтарына төтеп беруі, отбасы мен бала тәрбиесіндегі рөлі, төзімі мен қайсарлығы көркем түрде баяндалады. Шығарма кейіпкердің ауыр кезеңдерді еңсеріп, өмірдің сан түрлі белестерінен өтіп, ақырында бақыт пен берекеге қол жеткізген ғибратты ғұмырын оқырманға ұсынады.
Кітаптың басты ерекшелігі – бір адамның өмірбаяны арқылы тұтас бір дәуірдің тынысын, қазақ әйелдерінің болмысын, ұлттық құндылықтар мен отбасы институтының маңызын көрсетуінде. Сондықтан шығарма тек естелік кітап қана емес, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын рухани мұра ретінде де құнды.
Таныстырылым барысында қатысушылар кітап туралы пікірлерін білдіріп, авторға шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, жас қаламгердің алғашқы еңбегінің жарық көруі кафедра ұжымы тарапынан жоғары бағаланып, оның шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсетілді.
Шара соңында қонақтар автормен естелік суретке түсіп, кітапқа қолтаңба алды.
«Зүлия» кітабы – отбасы тарихын көркем тілмен өрнектеген, қазақ әйелінің қайсар рухын дәріптейтін тағылымды туынды. Бұл еңбек жас автордың шығармашылық жолындағы маңызды қадам ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қосылған үлес.
