
Профессор Асқар Жүсіпбеков Харбин қаласында өткен беделді Қытай-Ресей форумында баяндама жасады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Геотехникалық институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор Асқар Жүсіпбеков 2026 жылғы мамыр айының соңында Қытай Халық Республикасының Хэйлунцзян провинциясындағы Харбин қаласында өткен Тау жыныстары механикасы және үлкен тереңдіктер инженериясы жөніндегі XIV Қытай-Ресей форумына қатысты.
Халықаралық форум аясында профессор шақырылған дәріскер ретінде «Күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда іргетастарды жобалауға арналған интеллектуалды геодеректер базасы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар ол Харбин технологиялық институты мен Хэйлунцзян ғылым және технология университетінің студенттері, магистранттары және профессор-оқытушылар құрамына дәрістер циклін оқыды.
Тау жыныстары механикасы және үлкен тереңдіктер инженериясы жөніндегі Қытай-Ресей форумы осы саладағы ең беделді халықаралық ғылыми алаңдардың бірі болып табылады. Форум ҚХР Ғылым және техника саласындағы жоғары мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қытай инженерлік академиясының академигі Цянь Циху, Қытай инженерлік академиясының академигі Пань Ишань және Ресей ғылым академиясының академигі Николай Опариннің бастамасымен құрылған.
2011 жылы алғаш рет өткізілген форумнан бері он төрт сессия ұйымдастырылып, геомеханика, тау-кен ісі және жерасты құрылысы салаларындағы жетекші ғалымдар мен мамандардың басын қосты.
Биылғы конференцияда үлкен тереңдіктердегі тау жыныстары механикасы, минералдық ресурстарды игеру, пайдалы қазбаларды интеллектуалды өндіру, қауіпті геологиялық құбылыстардың алдын алу және бақылау, кен орындарын экологиялық қауіпсіз игеру, жерлерді рекультивациялау және жерасты кеңістігін кешенді пайдалану мәселелері талқыланды.
Форум жұмысына Қытай, Ресей және Қазақстаннан келген 300-ден астам ғалым, зерттеуші және сала өкілдері қатысты.
Іс-шараны Қытай геомеханика және инженерия қоғамы, Хэйлунцзян ғылым және технология университеті, Ляонин университеті, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі және Қиыр Шығыс бөлімшесі ұйымдастырды.
Профессор Асқар Жүсіпбековтің форумға қатысуы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және геотехника мен инженерлік геология саласындағы қазақстандық зерттеулерді әлемдік ғылыми қауымдастықта ілгерілетуге маңызды үлес қосты.
