
Баубек Сомжүрек Алматыда өткен білім берудің болашағына арналған халықаралық симпозиумда сарапшылық пікірін ортаға салды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Білім жоғары мектебінің директоры Баубек Сомжүрек Алматы қаласында өткен «Тұрақты болашақ үшін білім берудің жаңа архитектурасы: жаһандық сын-қатерлер, инновациялар және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық симпозиумға қатысты. Іс-шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесі және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Симпозиумның мақсаты - Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы халықаралық академиялық диалогты дамыту, мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту және педагогикалық білім беру мен тұрақты даму саласындағы озық тәжірибемен алмасу.
Негізгі баяндамашылардың бірі ретінде Баубек Сомжүрек жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы педагогикалық білім берудегі түбегейлі өзгерістер мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, жоғары білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні білім беру бағдарламаларына интеграциялау, заманауи педагогтің бейнесі, жасанды интеллект арқылы оқытуды дараландыру және педагогиканың болашағы жөнінде өз көзқарасын ортаға салды.
Симпозиум білім беру жүйесін жаңғырту, халықаралық серіктестікті нығайту және педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған жаңа шешімдерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
