
ЕҰУ-да Қазақстандағы Біріккен ядролық зерттеулер институты күндері аясында жазғы мектеп өз жұмысын бастады
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде университеттің 30 жылдығына және Ядролық физика институтының Астана филиалының 20 жылдығына арналған Қазақстандағы Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ) күндері аясында дәстүрлі жазғы мектеп өз жұмысын бастады.
1-3 маусым аралығында қатысушылар БЯЗИ-дің ғылыми бағдарламасымен, оның зертханаларының қызметімен, сондай-ақ тәжірибеден өту, тағылымдамалардан өту, дипломдық жұмыстар дайындау және жетекші халықаралық ғылыми орталықпен одан әрі ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерімен танысады.
Жазғы мектеп аясында БЯЗИ-дің жетекші қызметкерлері дәрістер, практикалық сабақтар, ғылыми семинарлар мен тренингтер өткізеді. Бағдарлама академиялық зерттеулерді, инновациялық технологияларды, халықаралық ынтымақтастықты және білім беруді дамытудың заманауи бағыттарын қамтиды.
Жазғы мектептің басты мақсаты – қатысушылардың ғылыми әлеуетін дамыту, пәнаралық байланыстарды нығайту және халықаралық тәжірибені кеңінен насихаттау. Сонымен қатар бұл алаң жас зерттеушілерге жетекші ғалымдармен пікір алмасып, өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде ғылым мен білім беру үздіксіз дамуды талап етеді. Сондықтан қатысушылардың жаңа білім алып қана қоймай, ғылыми байланыстар орнатып, кәсіби құзыреттерін жетілдіруі маңызды. Жазғы мектеп бағдарламасы қатысушыларға заманауи үрдістермен танысуға мүмкіндік береді деп сенемін», – деп атап өтті мектептің ашылуында ЕҰУ Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин.
Құттықтау сөз сөйлегендердің қатарында Астанадағы Ядролық физика институты филиалының Қатты дене физикасы зертханасының аға ғылыми қызметкері Дмитрий Шлимас, Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қызметкері, PhD докторы Әлия Нұрмаханбетова және Martuk Brothers ЖШС директоры Асхат Жұмабаев болды.
Нейтрондық физика зертханасы директорының орынбасары Бақдаулет Мұхамедұлы «Нейтрондық физика зертханасының ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы» тақырыбында баяндама жасады. Ал техника ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтының И.М. Франк атындағы Нейтрондық физика зертханасы тобының жетекшісі Сергей Кичанов «Нейтрондық зертхананың негізгі қызмет бағыттары» тақырыбында дәріс оқыды.
Айта кету керек, қазіргі таңда БЯЗИ-де 80 қазақстандық жұмыс істейді, олардың ішінде ЕҰУ-дың 30 түлегі институттың бес зертханасында еңбек етуде. Бұл университет түлектерін даярлау деңгейінің жоғары екенін және ЕҰУ мен БЯЗИ арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын айқын көрсетеді.
