
ЕҰУ Гонконгтың жетекші институтымен меморандумға қол қойды

Гонконг Арнайы әкімшілік ауданы делегациясының Астанаға ресми сапары аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гонконгтың Технологиялық және жоғары білім беру институтымен (Technological and Higher Education Institute of Hong Kong, THEi) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсімі Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лидің жетекшілігімен өткен делегацияның іскерлік сапары бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Делегация құрамында Гонконгтың іскерлік және кәсіби ортасының 40-тан астам өкілі, сондай-ақ Қытайдың материктік бөлігінен 30-ға жуық өкіл болды.
ЕҰУ атынан іс-шараға стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов қатысты.
Жаңа келісім екі жоғары оқу орны арасындағы ұзақ мерзімді академиялық әріптестікті дамытуға бағытталған. Тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламаларын, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруды, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлау саласындағы озық тәжірибемен алмасуды жоспарлап отыр.
THEi Гонконгтың мемлекеттік жоғары оқу орны болып табылады және Кәсіптік білім беру кеңесінің (Vocational Training Council) басқаруымен жұмыс істейді. Институт тәжірибеге бағытталған білім беруге маманданған және дизайн мен сәулет, цифрлық технологиялар, қонақжайлылық және бизнес менеджменті, спорт және оңалту, инженерия, құрылыс, экология, тағам және медицина ғылымдары бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Меморандумға қол қойылуы ЕҰУ-дың халықаралық байланыстарын нығайтудағы кезекті маңызды қадам болып табылады және университеттің Азия-Тынық мұхиты өңірінің жетекші білім беру және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықты кеңейтуге деген ұмтылысын айқындайды. Жаңа серіктестік Қазақстан мен Гонконг арасындағы білім беру, ғылым және инновация салаларындағы байланыстардың дамуына серпін береді деп күтілуде.
