
ЕҰУ мен Қытай жоғары оқу орындары ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қытай Халық Республикасының Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындары өкілдерінен құралған делегациямен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту, серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындау және екіжақты байланысты нығайту.
Іс-шара барысында тараптар білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы өзара ықпалдастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық бастамаларды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қос дипломды бағдарламаларды дамыту, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуын жандандыру және жас ғалымдарды қолдау бағытындағы ынтымақтастықты күшейту жолдары қарастырылды.
ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы университеттің жетістіктерімен таныстырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға, оның ішінде “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Бүгінгі кездесу білім мен ғылымның мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттырудағы маңызды рөлін айқын көрсетеді. Бүгінде Еуразия ұлттық университеті Қытайдың 29 жетекші жоғары оқу орнымен білім беру, ғылым және инновация салаларында белсенді ынтымақтастық орнатқан», – деді проректор.
Сондай-ақ ол 2007 жылдан бері университетте Конфуций институты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Институттың негізгі мақсаты – қытай тілі мен мәдениетін оқыту, мәдени және ғылыми іс-шаралар өткізу арқылы екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту. Осы уақыт аралығында институт 14 мыңнан астам студентті даярлаған.
Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап ЕҰУ мен Тяньцзинь кәсіптік институтының бірлесуімен «Лу Бань шеберханасы» IT-жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама заманауи технологиялар саласында жоғары білікті кадрлар даярлауға және халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік беруде.
Өз кезегінде ҚХР Еңбек ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің Шетелдік мамандар істері жөніндегі департаментінің екінші деңгейдегі инспекторы Гэн Цзюньу екі ел арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығының маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, ғылым және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келеді. Еуразия ұлттық университеті халықаралық серіктестікті тиімді жүзеге асырып отырған жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің ғылыми әлеуеті мен халықаралық тәжірибесі бірлескен жобаларды табысты іске асыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біздің ынтымақтастығымыз нақты жобалармен толықтырылып, өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенемін», – деді Гэн Цзюньу.
Жиын қорытындысында тараптар өзара әріптестікті нығайту жұмыстарын жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
