
6B05209 – География білім беру бағдарламасының білім алушылары Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың жұмысымен танысты

2026 жылғы 2 маусымда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05209 – География білім беру бағдарламасының 3-курс білім алушылары өндірістік практика аясында Қаныш Сәтбаев атындағы каналға барды.
Экскурсия барысында білім алушылар каналдың салыну тарихымен, оның Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз етудегі маңызымен және пайдалану ерекшеліктерімен танысты. Мамандар гидротехникалық құрылыстардың жұмыс істеу тәртібі, су ресурстарын басқару жүйесі және су беруді тәулік бойы бақылап отыратын диспетчерлік қызметтің жұмысы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар қатысушылар сорғы станциясында болып, сорғы жабдықтарының құрылысымен, жұмыс істеу қағидаларымен және өндірістік қауіпсіздік талаптарымен танысты. Нысан қызметкерлері станцияның негізгі элементтерін көрсетіп, жабдықтарды пайдалану мен техникалық қызмет көрсету жұмыстары жөнінде түсіндірді.
Экскурсия барысында каналдың су өсімдіктерімен шамадан тыс өсіп кетуінің алдын алу үшін қолданылатын биологиялық әдістер туралы мәлімет беріліп, биомелиорациялық шаруашылықтың қызметі таныстырылды.
Өндірістік практика барысында білім алушылар су шаруашылығы нысандарының аумақтық ұйымдастырылуы, су ресурстарын пайдалану және басқару, гидротехникалық құрылыстардың өңірлік дамудағы рөлі туралы білімдерін толықтырды. Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың жұмысымен танысу Қазақстандағы ірі су шаруашылығы жүйелерінің қызметін, олардың өңірлерді тұрақты сумен қамтамасыз етудегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті.
