
ReStart жобасы: ЕҰУ-да еліміздің үздік жас экобелсенділері марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Restart» республикалық жастар экологиялық жобасының 10-маусымының финалы өтті.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар мен бизнес қауымдастықтардың өкілдері, экология саласының сарапшылары, қоғам белсенділері қатысты. Спикерлер экологиялық саясатты жетілдіру, қалдықтарды қайта өңдеу, климаттың өзгеруі және жасыл экономика мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Restart» республикалық жастар экологиялық жобасының мақсаты – жастардың экологиялық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау және тұрақты даму қағидаттарын насихаттау. Жоба аясында қатысушылар экология саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық идеялары мен жобаларын ұсынып, тәжірибе алмасуға және кәсіби сарапшылардан қолдау табуға мүмкіндік алды.
Финалдың алғашқы күні қатысушы командалар өз жобаларын таныстырып, байқау комиссиясының алдында қорғады. Әр команда экология, қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды басқару және тұрақты даму бағытындағы бастамаларын ұсынды.
«Биыл «Restart» жобасы өзінің 10-маусымын қорытындылап отыр. Осы уақыт ішінде жоба мыңдаған жастың экологиялық бастамаларын қолдап, олардың қоғамға пайдалы идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Финалға шыққан командалар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды басқару, қайта өңдеу және тұрақты даму бағытындағы өзекті жобаларын ұсынды. Біз жастардың экологиялық мәселелерді шешуге белсенді атсалысып, нақты нәтижеге бағытталған бастамалар көтеріп отырғанына қуаныштымыз. «Restart» болашақта да экологиялық жауапты ұрпақты қалыптастыруға және жас көшбасшыларды қолдауға өз үлесін қоса береді», - деді ЕҰУ тұрақты даму орталығының жетекшісі Несвеля Рахимова.
4 маусым күні экология саласындағы өзекті мәселелерге арналған екі панельдік сессия өтті. Бірінші сессияда экология саласындағы заңнамалық бастамалар талқыланса, екінші сессия корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты даму саласындағы үздік тәжірибелерге арналды.
«Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» басқарма төрайымы Айгүл Соловьева ReStart жобасына қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс айта келіп, бүгінгі кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан Ғылым және жоғары білім министрлігіне, жоғары оқу орындарына және Еуразия ұлттық университетіне шынайы лебізін білдірді.
«Жастарды экологиялық күн тәртібіне тартудың маңызы зор. Себебі қалдықтарды басқару, қайта өңдеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін тек заңдар арқылы шешу мүмкін емес. Бұл бағытта жастардың өз бастамалары, тың идеялары, күш-жігері мен еліміздің болашағына деген жанашыр көзқарасы ерекше рөл атқарады» - деді Айгүл Соловьева.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолға алып қана қоймай, Конституциямызға бірқатар маңызды өзгерістер енгізді. Сол өзгерістердің ішінде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жауапкершілік мәселелері де көрініс тапты. Бұл мемлекетіміздің экология саласына ерекше мән беріп, осы бағытта жүйелі саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин жастарға үндеу жасап, мұндай жобаларға қатысудың өзі үлкен жетістік екенін атап өтті.
«Жастарға айтарым, осындай жобаларға қатысудың өзі – үлкен жетістік. Тек жобаларға қатысып қана қоймай, көтерілген мәселелерді ғылыми айналымға енгізу қажет. Ғылыммен айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізу маңызды. Егер осы салада креативті, жаңашыл ойлайтын жастарымыз көбейсе, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартып, табиғатты қорғау ісіне үлкен үлес қоса аламыз», - деп атап өтті депутат.
Финал аясында «Restart» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, жобаның 10-маусымының қорытындылары жарияланды.
Нәтижесінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінен Светлана Қожамбердиева бас жүлде иеленсе, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен Дәурен Оразалин, Астана халықаралық университетінен Айдана Қадырова, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінен Екатерина Строкова, Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінен Айгүл Сегізбаева, Жұмабек Тәшенов атындағы университетінен Нұрай Жақабай «Үздік куратор» номинациясын алды. Сондай-ақ Narxoz University-ден Еділ Еркінұлы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен Дәурен Оразалин, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен Рафис Абазов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен Айдана Қожахметова «Пластик жинауға белсенді қатысқаны үшін» аталымымен марапатталды.
«Restart» жобасы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларды қолдауға және тұрақты даму идеяларын насихаттауға бағытталған маңызды алаңдардың бірі болып табылады.
