
Экология мамандығының студенттері Эколог күніне орай жас емен көшеттерін отырғызды

5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Эколог күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері мен «Биотехнология» бағытының студенттері жас емен көшеттерін отырғызу бойынша экологиялық акция өткізді. Іс-шара Қоршаған ортаны басқару және инжиниринг кафедрасының оқытушылары Гүлмира Мақашева, Жұмабике Бәкешова, Айнұр Дарибай және Гүлнұр Саспуғаеваның жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Акцияның ерекше маңыздылығы – көшеттердің студенттердің өз қолымен кәдімгі емен жаңғағынан өсірілгендігінде. Болашақ экологтар мен биотехнологтар бірнеше ай бойы жас өсімдіктерді күтіп-баптап, қажетті температуралық режимді сақтап, уақытылы суарып, олардың өсуіне қолайлы жағдай жасады.
Бұл акция Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Омбудсмені Нэли Шапекованың бастамасымен жыл сайын өткізілетін «Өз ағашыңды отырғыз» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жоба Павлодар қаласының эковолонтері Юрий Гашектің авторлық «Жерге бақ сыйла!» курсы негізінде ұйымдастырылады.
Студенттердің өз қолдарымен өсірген ағаштарды отырғызуы олардың қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне саналы көзқарасын, кәсіби қалыптасуын және табиғатты сақтауға нақты үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетеді. Жас емендер университет аумағын көркейтіп қана қоймай, экожүйенің маңызды бөлігіне айналады. Бұл ағаштар ауаны тазартып, биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді және ондаған жылдар бойы өсіп, жастардың экологиялық жауапкершілігінің жарқын белгісі болып қала береді.
Аталған акция экологиялық білім мен тәжірибелік дағдылардың табиғи мұраны келешек ұрпақ үшін сақтауға бағытталған нақты игі істерге ұласуының жарқын үлгісі болып табылады.
