
ЕҰУ оқытушылары білім беру бағдарламаларын жобалаудың заманауи тәсілдерін меңгеруде

Ұйымның профессор-оқытушылар құрамына арналған «Педагогтің әлеуетін ашатын өсу ойлауы. 1-курс білім беру бағдарламаларын қайта жобалау, жалпы білім беру өзегін жаңарту және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың өзіндік бірегей даму моделін әзірлеу» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы өз жұмысын жалғастыруда.
4 маусымда курс аясында спикер ретінде Almaty Management University (AlmaU) академиялық даму жөніндегі проректоры Асель Арын сөз сөйлеп, білім беру саласындағы заманауи үрдістер мен озық тәжірибелерге арналған трансформациялық воркшоп өткізді..
Іс-шара барысында ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, аталған курстың университеттің білім беру сапасын арттырудағы маңыздылығына тоқталды.
Курс бағдарламасы бойынша жұмыс 4 сағат бойы жалғасып, қатысушылар келесі модульдер аясында тәжірибе алмасты:
«Жергілікті және халықаралық тәжірибелерді талдау» модулі бойынша «Liberal Arts моделі негізінде құндылықтарға бағдарланған білім беру архитектурасын құру» тақырыбы қарастырылды. Дәріс барысында құндылықтарға негізделген білім беру жүйесін қалыптастырудың негізгі қағидаттары мен халықаралық тәжірибелер талқыланды.
Сондай-ақ «Білім беру бағдарламаларын модульдік құру» модулі шеңберінде «Білімнен тұтастыққа: “Толық адам” бағдарламасы жоғары білім берудегі holistic approach тәсілін іске асырудың үлгісі ретінде» тақырыбында мазмұнды талқылау өтті.
Қатысушылар білім алушының жан-жақты дамуына бағытталған білім беру модельдерінің ерекшеліктерімен танысып, оларды оқу бағдарламаларына енгізу жолдарын қарастырды.
Курс жұмысы алдағы уақытта да жалғасып, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мен оқытушылардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді қамтитын болады.
