
ЕҰУ алаңында мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы рөлі талқыланды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік рәміздер мен Конституция: құқықтық мемлекет пен ұлттық рухтың сабақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы рөлін талқылау, оларды насихаттау мәселелерін қарастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Дөңгелек үстелді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова жүргізді. Модератор күні кеше Елтаңба авторы, қоғам қайраткері, белгілі сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібековтың үйіне арнайы барып, Рәміздер күні мерекесімен құттықтағанын және бүгін атақты сәулетші атындағы «Oitek» архитектуралық ғылыми-тәжірибе орталығында дөңгелек үстел басында бас қосып отырғанын жеткізді. Іс-шара барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның тұғыры мен ұлттық бірегейлігінің маңызды белгісі екенін атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің айқын көрінісі, ұлттық бірегейлігіміз бен елдік санамыздың маңызды негізі. Елтаңба, Ту және Әнұранымыз халқымыздың тарихын, мәдениетін және болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды. Сондықтан жастардың мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, олардың мән-маңызын терең түсінуі – патриоттық тәрбиенің маңызды бөлігі. Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков атындағы «Oitek» архитектуралық ғылыми-тәжірибе орталығында өтіп жатқан бүгінгі дөңгелек үстел ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін», - деді Ерлан Сыдықов.
Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Зада Дүкенбаева тәуелсіздік символдарының тарихи жады мен ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызы туралы баяндама жасап, модератор, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыру, оның қолданылуы мен насихатталуы мәселелеріне тоқталды.
«Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің басты нышандары. Оларды дұрыс қолдану мен кеңінен насихаттау қоғамда патриоттық құндылықтарды нығайтуға, азаматтардың ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға ықпал етеді. Бүгінде мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жастар арасында түсіндіру және ағартушылық іс-шараларын күшейтудің маңызы зор», - деді Айзада Құрманова.
Сонымен қатар, Жастар ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD доктор Гүлісхан Нахбаева жастар арасында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастырудың өзектілігін сөз етті. Сарапшы Айдын Рысбекұлы ұлттық геральдиканың қалыптасу мәселелерін көтерсе, Қазақстандық қоғамдық даму институтының бас сарапшысы Айым Тілепберген мемлекеттік рәміздерге қатысты қоғамдық үдерістер жөнінде пікір білдірді.
Іс-шара соңында ЕҰУ Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы мен Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Әділхайыр Мырзаханов мемлекеттік рәміздердің құқықтық мемлекет қалыптастырудағы, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы және патриоттық тәрбиені нығайтудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ қатысушылар күн тәртібіндегі тақырыптарды талқылап, емен-жарқын өзара пікір алмасты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау және олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
