
ЕҰУ Қабылдау комиссиясы талапкерлерге есігін ашты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Талапкерлер бакалавриаттың 87 білім беру бағдарламасы, магистратураның 120 білім беру бағдарламасы және докторантураның 61 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға құжат тапсыра алады, сондай-ақ оқуға түсу мәселелері бойынша кеңес ала алады.
Қабылдау комиссиясының ашылу рәсіміне ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, проректорлар, университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Қабылдау комиссиясының өкілдері және жоғары оқу орнының қызметкерлері қатысты.
Ерлан Сыдықов университет талапкерлерді даярлау сапасына қойылатын жоғары талаптарды сақтап отырғанын атап өтті.
«Шектік балының жоғарылауына қарамастан, біздің университетке түсушілер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы ЕҰУ-ға шамамен 7000 студент қабылданды, олардың ішінде 6000-ға жуығы білім беру гранттарының иегерлері болды. Бұл талапкерлер мен олардың ата-аналарының сенімін, сондай-ақ білім беру сапасының артуын және біздің білім беру бағдарламаларымызға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді», - деп атап өтті ректор.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті педагогика, журналистика, әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары, бизнес, құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, сәулет және құрылыс салалары бойынша білім беру бағдарламаларының кең ауқымын ұсынады.
Кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы – Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Лаззат Егеубаева оқуға түсу рәсімін жеңілдетуге және талапкерлер үшін қолайлылықты арттыруға бағытталған биылғы қабылдау науқанының жаңашылдықтары туралы айтып берді.
Жаңа оқу жылында университет магистратураның екі жаңа білім беру бағдарламасын іске қосады: «7М07125 Жарық техникасы» және «7М06310 Цифрлық криминалистика».
Сонымен қатар, қабылдау науқанына оқуға түсу рәсімін жеңілдетуге бағытталған цифрлық шешімдер енгізілді. Өткен жылдан бастап талапкерлер Platonus жүйесі арқылы білім беру қызметтерін көрсету туралы шартты электрондық форматта жасай алады. Биыл шартқа қол қою eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы QR-кодты пайдалану негізінде жүзеге асырылады.
ЕҰУ Жоғары колледжінің түлектері үшін де жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Енді олар университетте бакалавриаттың қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуын жалғастырып, жоғары білімді 3 жыл ішінде ала алады. Оқуға түсу үшін «Есеп және аудит», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» және «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» бағыттары қолжетімді.
Айта кету керек, биыл Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға түсу үшін шектік балл білім беру бағдарламасына байланысты 90-нан 127 баллға дейін өзгеріп отырады.
20 маусымда шығармашылық емтихандарға өтініш қабылдау басталады. Ол білім беру грантына түсушілер үшін 7 шілдеге дейін, ал ақылы оқуға түсушілер үшін 10 тамызға дейін жалғасады. Магистратураға түсушілер үшін шығармашылық емтихандарға өтініш қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында жүзеге асырылады.
Білім беру грантына үміткерлер шығармашылық емтихандарды 8–15 шілде аралығында, ал ақылы оқуға түсушілер 11–15 тамыз аралығында тапсырады.
Бакалавриат бағдарламаларына түсушілер үшін білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға арналған құжаттарды қабылдау 13–20 шілде аралығында, ал магистратураға түсушілер үшін 12–18 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындылары 1–10 тамыз аралығында жарияланады.
Бакалавриат бағдарламаларына қабылдау 10–25 тамыз аралығында, ал магистратура және докторантура бағдарламаларына қабылдау 10–28 тамыз аралығында өтеді.
Шетел азаматтарын ақылы оқуға қабылдау 15 маусымнан 25 шілдеге дейін жалғасады. Құжаттарды тапсырғаннан кейін олар 14–26 шілде аралығында әңгімелесуден өтуі тиіс.
ЕҰУ қабылдау комиссиясының жұмыс кестесі:
дүйсенбі – жұма: 09:00–18:30;
сенбі: 09:00–13:00.
Call-орталықтың байланыс телефондары:
8 (7172) 57-49-80;
8 (7172) 57-49-59;
8 (7172) 57-49-74;
8 (7172) 57-49-67;
8 (7172) 57-49-77;
+7 708 907 81 73;
+7 708 507 79 06;
+7 700 522 04 31 (WhatsApp);
+7 708 507 79 20 (WhatsApp);
+7 708 907 81 35 (WhatsApp).
Қабылдау комиссиясының жұмысына университеттің профессорлық-оқытушылық құрамынан, оқу-көмекші және әкімшілік-басқарушылық персоналынан шамамен 100 қызметкер тартылған.
Оқуға түсу және қабылдау комиссиясының жұмысы туралы толығырақ ақпарат ЕҰУ сайтындағы «Талапкерлерге» бөлімінде орналастырылған:
https://enu.kz/ru/page/applicants
Талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше жылдан бері Telegram чат-боты жұмыс істейді, оның көмегімен оқуға түсу және оқу мәселелері бойынша тәулік бойы кеңес алуға болады:
https://t.me/ProvPKENU_bot
Еуразия ұлттық университеті – Қазақстандағы жоғары білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметінің көшбасшысы.
Биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған университет QS World University Rankings жаһандық рейтингінде әлемнің 1500 жоғары оқу орнының ішінде 317-орынды иеленеді.
ЕҰУ – Қазақстаннан және әлемнің түрлі елдерінен келген 27 мың студент пен шамамен 3000 оқытушының білім ордасы. Оқыту 13 факультетте, институттарда, жоғары мектептерде және колледжде жүзеге асырылады. Ғылыми-зерттеу қызметі цифрландыру, биотехнология, құрылыс, ядролық физика және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы 30-дан астам институтты қамтиды.
Университет ғалымдары Stanford University рейтингі бойынша әлемнің үздік ғалымдарының 2 пайызының қатарына кіреді, сондай-ақ Қазақстанның жетекші 50 зерттеушісі тізімінде көш бастап келеді.
Білім берудің жоғары сапасы халықаралық аккредиттеу арқылы расталған: ЕҰУ-дың білім беру бағдарламаларының шамамен 90 пайызы халықаралық деңгейде мойындалған.
