
6B05209 – География білім беру бағдарламасының білім алушылары ModeX инновациялық зауытында болды

2026 жылғы 5 маусымда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05209 – География білім беру бағдарламасының 3-курс білім алушылары өндірістік практика аясында Астана қаласында орналасқан BI Group компаниясының ModeX инновациялық зауытына барды.
Экскурсия басталар алдында кәсіпорын мамандары қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізіп, қатысушыларды қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті. Одан кейін білім алушылар зауыттың құрылу тарихымен, негізгі қызмет бағыттарымен және модульдік құрылыс технологиясының ерекшеліктерімен танысты.
Зауытты аралау барысында өндірістік үдерістің негізгі кезеңдері мен құрылымдық бөлімдері көрсетілді. Білім алушылар арматура цехының жұмысымен, бетон қоспасын дайындау үдерісімен, көлемді блоктарды қалыптау технологиясымен және әрлеу-жинақтау жұмыстары жүргізілетін бөлімдердің қызметімен танысты. Сонымен қатар зауыттағы автоматтандырылған өндіріс жүйелері, заманауи жабдықтар және сапаны бақылау тетіктері туралы мәлімет берілді.
Кәсіпорын қызметкерлері модульдік құрылыс технологиясының артықшылықтары, өндіріс тиімділігін арттыру жолдары және құрылыс саласындағы инновациялық шешімдер жөнінде ақпаратпен бөлісті. Экскурсия барысында білім алушылар өндірістік үдерістерді ұйымдастыру, өнеркәсіптік кәсіпорындардың орналасу ерекшеліктері және құрылыс индустриясының қазіргі даму бағыттары туралы білімдерін толықтырды.
Өндірістік практика география білім беру бағдарламасының білім алушыларына Қазақстандағы заманауи өнеркәсіп пен құрылыс саласының дамуын өндірістік ортада зерделеуге және экономикалық-географиялық талдау дағдыларын жетілдіруге жағдай жасады.
