
ЕҰУ студенті Қытайда өткен Huawei ICT Competition әлемдік финалында II дәрежелі медаль иеленді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Физика-техникалық ғылымдар институтының «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» кафедрасының 3-курс студенті Мадияр Мерейев Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Huawei ICT Competition 2025–2026 халықаралық олимпиадасының әлемдік финалында Network бағыты бойынша II дәрежелі медаль иегері атанды.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі саналатын байқауға әлемнің 70-тен астам елінен шамамен 170 команда қатысты. Мадияр Қазақстан Республикасының атынан үш қатысушыдан құралған ұлттық құрама сапында өнер көрсетті.
Студенттің жоғары жетістігі оның кәсіби дайындығының, терең теориялық білімінің және желілік технологиялар саласындағы тәжірибелік дағдыларының жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Халықаралық финалға дайындық «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» кафедрасының аға оқытушысы Ұлан Есенжоловтың жетекшілігімен жүргізілді.
