
«Этносаясаттану»: бес жылдық белес және жаңа мүмкіндіктер

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Этносаясаттану: даму мен жаңа мүмкіндіктердің бес жылдығы» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚХА, университет басшылығы, оқытушылар, түлектер, студенттер және этносаралық қатынастар саласының сарапшылары мен әлеуметтік-гуманитарлық сала өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – білім беру бағдарламасының бес жылдық даму жолын қорытындылау, оның ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орны мен этносаралық қатынастар саласына маман даярлаудағы үлесін талқылау.
Шара барысында бағдарламаның қалыптасу тарихы, білім беру және ғылыми бағыттағы жетістіктері, соңғы бес жылда этносаясат саласында білікті мамандар даярлаудағы маңызы атап өтілді. Қатысушылар оқу бағдарламасының қалыптасу кезеңдері мен даму бағыттарына тоқталып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.
Басқосуда ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатывалдиев, Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова, «Аманат» Қоғамдық саясат институтының директоры Мадина Нұрғалиева, «Қоғамдық пікір» ЖШС зерттеу институтының директоры Ботакөз Ракишева құттықтау сөз сөйледі. ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың құттықтауын оқып берді.
«Бұл мерейтой – жай ғана уақыт межесі емес.Бұл – жаңа идеялардың, келісімді сақтау, мәдениетаралық диалогты дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр.Осындай күрделі міндеттерді шешуге қабілетті мамандар даярлау мақсатында құрылған «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасы қысқа уақыт ішінде өзін бірегей академиялық жоба ретінде таныта білді.
Бағдарламаның басты құндылығы – оның мазмұнында ғана емес, оның миссиясында.Ол жастарға қоғамдағы саналуандықты байлық ретінде қабылдауды, этносаралық келісімді стратегиялық ресурс ретінде бағалауды және қоғамдық тұрақтылықтың ғылыми негіздерін терең түсінуді үйретеді.Осы жетістіктердің негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұжымы, халықаралық қатынастар факультетінің професссор-оқытушылар құрамы, ғылыми серіктестер мен жұмыс берушілердің қажырлы еңбегі жатыр. Бағдарламаны дамытуға үлес қосқан барлық ғалымдар мен мамандарға шынайы изашылығымды білдіремін».
ЕҰУ жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова бағдарламаның білім мен ғылым саласындағы бес жылдық жетістіктерін атап өтті.
«Бүгін біз үшін ерекше күн. «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасының құрылғанына 5 жыл толуына орай бас қосып отырмыз. Осы уақыт ішінде бағдарлама этносаралық қатынастар, қоғамдық келісім және ұлттық бірлік мәселелерін терең меңгерген білікті мамандар даярлауға өз үлесін қосты.Бес жыл – тарих үшін қысқа мерзім болғанымен, білім беру бағдарламасы үшін маңызды белес. Осы кезеңде көптеген студенттер білім алып, түлектеріміз мемлекеттік қызметте, ғылыми-зерттеу ұйымдарында және қоғамдық секторда табысты еңбек етуде.
Бұл жетістік – бағдарламаның негізін қалауға атсалысқан оқытушылардың, серіктестердің, студенттер мен түлектердің ортақ еңбегінің нәтижесі.Бүгінгі кездесу өткенді саралап қана қоймай, болашаққа жаңа мақсаттар қоюға мүмкіндік береді. «Этносаясаттану» бағдарламасы алдағы уақытта да ғылыми ізденіс пен кәсіби дамудың, қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарын насихаттаудың маңызды алаңы бола береді. Баршаңызға осы жолдағы қолдауларыңыз бен еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», - деді Еуразия ұлттық университеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде бағдарлама этносаралық келісім, қоғамдық тұрақтылық және ұлттық бірлік мәселелерін зерттеуге қызығушылық танытатын жас мамандарды даярлаудың тиімді алаңына айналды.
«Бүгінде түлектеріміз түрлі мемлекеттік органдарда, ғылыми және қоғамдық ұйымдарда табысты еңбек етіп келеді. Бұл – бағдарламаның сапалы білім берудегі жетістігінің айқын көрінісі»,- деді ЕҰУ-дың акдаемиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай.
Шара аясында қатысушылар бағдарламаның болашақ даму перспективаларына қатысты пікір алмасып, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар белсенді студенттер мен түлектердің еңбегі атап өтілді.
«Бүгінгі кездесу кәсіби байланыстарды нығайтуға, түлектер қауымдастығын біріктіруге және «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасының одан әрі дамуына жаңа серпін берді. Бұл білім беру бағдарламасының бес жылдық мерейтойына қатысу мен үшін үлкен мәртебе, өйткені менің кәсіби және тұлғалық қалыптасуыма үлкен әсер етті.Бағдарлама бізге тек теориялық білім беріп қана қоймай, этносаралық қатынастарды, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті терең түсінуге мүмкіндік берді. Оқытушыларымыздың кәсібилігі мен қолдауының арқасында біз өз саламызда бәсекеге қабілетті маман болып қалыптастық», - деді «Этносаясаттану» магистрлік бағдарламасының түлегі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының дректоры Луиза Узарова.
Іс-шара барысында Этномәдени бірлестіктердің қолдауымен әр халықтың биі биленіп, әндері шырқалды, сонымен қатар бағдарламаның алдағы даму перспективалары сөз болды. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, білім беру бағдарламасының академиялық қауымдастығын одан әрі нығайтуға ықпал етті.
