
«Педагогика және психология» және «Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламалары түлектерінің дипломдық жұмыстарын қорғауы сәтті өтті

2026 жылғы 2–6 маусым аралығында Педагогика кафедрасында 6В01103 «Педагогика және психология» және 6В01801 «Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың дипломдық жұмыстарын қорғау рәсімі өткізілді.
Дипломдық жұмысты қорғау – болашақ мамандардың кәсіби даярлығын қорытындылайтын маңызды кезең және білім беру бағдарламасын меңгеру сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Қорытынды аттестаттау барысында түлектер кәсіби құзыреттерінің қалыптасқанын, зерттеушілік дағдыларын, білім беру және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан талдау қабілетін, сондай-ақ оларды шешуге бағытталған практикалық ұсыныстар әзірлеу біліктілігін көрсетті.
Ұсынылған зерттеу жұмыстарының тақырыптары өзектілігімен, ғылыми жаңалығымен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленді. Түлектер педагогика, психология және әлеуметтік педагогика салаларындағы заманауи мәселелерді қарастырып, білім беру жүйесі мен халықты әлеуметтік қолдауды дамытудың басым бағыттарын қамтыды.
Түлектердің даярлық деңгейін аттестаттау комиссиясы бағалады. Комиссия төрағасы – Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Г.М. Құсайынов. Комиссия құрамында педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор М.П. Асылбекова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Н.П. Албытова және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.К. Длимбетова жұмыс атқарды.
Комиссия мүшелері білім алушылардың дайындық деңгейіне жоғары баға беріп, олардың зерттеу материалын еркін меңгергенін, жүргізілген жұмыстың нәтижелерін ғылыми тұрғыдан негіздеп ұсына алғанын, кәсіби пікірталас жүргізу және сарапшылардың сұрақтарына мазмұнды жауап беру қабілеттерін атап өтті.
Қорғау нәтижелері бойынша түлектер білім беру және әлеуметтік жұмыс салаларында кәсіби қызмет атқаруға толық дайын екендіктерін дәлелдеді.
Түлектерді дипломдық жұмыстарын сәтті қорғауымен құттықтай отырып, оларға кәсіби қызметінде толағай табыс, ғылыми ізденістерінде жаңа жетістіктер және алға қойған мақсаттарының жүзеге асуын тілейміз!
