
Тәжірибе алмасу мақсатында ОшМУ делегациясы ЕҰУ-ға келді

10-14 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академиялық ұтқырлық және тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Қырғыз Республикасының Ош мемлекеттік университетінің делегациясы сапармен келді.
Делегация құрамына Ош мемлекеттік университетінің Оқытудың сапасы және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ Филология және мәдениетаралық коммуникация институтының Американистика және аударма кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы кіреді.
Сапардың мақсаты – жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету, оқу-әдістемелік қызметті жетілдіру, академиялық ұтқырлықты дамыту және екі жоғары оқу орны арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейту.
Бағдарлама аясында қонақтар университеттің құрылымдық бөлімшелерінің жұмысымен танысады, білім беру сапасын қамтамасыз ету, оқу процесін ұйымдастыру, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесулер өткізеді. Сонымен қатар, тараптар жоғары білім беру саласындағы үздік тәжірибелермен алмасып, одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды.
Аталған сапар екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуды дамытуға және халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
