
ЕҰУ-да қызметкерлердің балаларына арналған жазғы лагерь ұйымдастырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 30 жылдық мерейтой аясында дәстүрлі «ENU Kids Camp–2026» жазғы лагері өтті.
Екі апта бойы балалар актерлік шеберлікті меңгеріп, ағылшын тілі курстарына, квесттерге, шеберлік сабақтарына және топтық тренингтерге қатысты. Сондай-ақ олар ашық ауадағы ойындарға, эстафеталарға және көлеңкелі театр қойылымдарына белсене атсалысты.
Лагерь бағдарламасын университет қызметкерлерінен құралған команда жүзеге асырды. Олар балалардың демалысын қызықты әрі мазмұнды етіп қана қоймай, олардың коммуникативтік, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға да ықпал етті.
«Біз үшін тек білім мен ғылымға ғана емес, әлеуметтік жобаларға да уақыт бөлу маңызды. Солардың бірі – ENU Kids Camp–2026. Балалардың шығармашылық тұрғыда дамып, жаңа әсерлер алуына бар күшімізді салдық. Мұндай бастамалар олардың тұлғалық қалыптасуына ықпал етіп, балалық шақтарын жарқын етеді деп сенемін», – деді ЕҰУ-дың Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілеп.
Іс-шара соңында лагерь қатысушылары белсенділігі мен жетістіктері үшін мадақтамалармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Еуразия ұлттық университеті қызметкерлермен қатар олардың отбасы мүшелері үшін де қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға ерекше мән береді. Университетте жылдар бойы концерттер, театр қойылымдары, спорттық жарыстар және өзге де мәдени-спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамалар корпоративтік мәдениетті дамытуға және университет ұжымы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
