
ЕҰУ-да шетелдік жетекші ғалымдардың қатысуымен математика ғылымының өзекті мәселелері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нұржан Боқаевтың құрметіне арналған «Функционалдық кеңістіктердегі интегралдық операторлар және гармоникалдық талдау» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Қазақстанның математикалық ғылыми қауымдастығы Нұржан Әділханұлын көрнекті ғалым ретінде жақсы таниды. Ол мектепті алтын медальмен тәмамдап, 1977 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетін үздік бітірген. Ғалымның ғылыми жолы Мәскеу мемлекеттік университетінің функциялар теориясы және функционалдық анализ кафедрасындағы тағылымдамадан басталып, аспирантурада жалғасты. 1985 жылы кандидаттық, ал 1996 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Нұржан Боқаев жалпыланған Уолш және Хаар жүйелері бойынша қатарлар теориясын дамытуға елеулі үлес қосып, отандық математиканың дамуына зор еңбек сіңірді. Оның жетекшілігімен 17 диссертация қорғалды, оның ішінде 6 кандидаттық және 11 PhD диссертациясы бар. Бүгінде шәкірттері Қазақстан мен шетелдердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында табысты еңбек етуде.
Іс-шараның мақсаты – ғалымның ғылым мен жоғары білімді дамытуға қосқан үлесін насихаттау, қоғамдық қызметі мен ғылыми мұрасын кеңінен таныту, сондай-ақ жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру.
Халықаралық ғылыми жиынға Қазақстанмен қатар Чехия, Ресей, Әзербайжан, Италия және Грузияның жетекші ғалымдары қатысып, математика ғылымының өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады.
Конференцияның ашылуында модератор, механика-математика факультетінің деканы Данияр Қозыбаев факультеттің қысқаша тарихына тоқталып өтті.Оның айтуынша, факультет соңғы жылдары шетелдік жоғары оқу орындарымен бірге докторанттар дайындап, оларға қос диплом табыс етіп келеді.
Пленарлық отырыста әлемдік ғылыми қауымдастыққа танымал зерттеушілер баяндама жасады. Олардың қатарында Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы ММУ филиалының профессоры Ерлан Нұрсұлтанов, Чехия Ғылым академиясының профессоры Амиран Гогатишвили, академик Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры Айбат Ешкеев, Ресей халықтар достығы университетінің профессоры Виктор Буренков, Әзербайжандағы Бакин мемлекеттік университеті жанындағы Қолданбалы математика институтының өкілі Етибар Пенахов және Италияның Салерно университетінің профессоры Любомира Софтова болды.
Конференция барысында математиканың заманауи бағыттарымен қатар жасанды интеллект технологияларының қолданылуы мәселелері де талқыланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі Нұрлан Темірбеков геологиялық деректерді өңдеу мен кен орындарын болжаудағы машиналық оқыту әдістері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Грузиядағы Тбилиси мемлекеттік университетінің профессоры Малхаз Бакурадзе, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Лоуренс Серж, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Бақытжан Қанғужин және ММУ Қазақстан филиалының профессоры Ғалым Акишев өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.
Халықаралық конференция пленарлық отырыстан кейін «Функциялар теориясы және функционалдық талдау», «Дифференциалдық теңдеулер және олардың қолданылуы» секцияларында өз жұмысын жалғастырды.
Конференция аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың құттықтауын академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай оқып берді.
Сонымен қатар Ғылыми кеңестің шешімімен Нұржан Боқаевқа ғылым мен жоғары білімнің дамуына қосқан үлесі үшін «Гумилев» медалін табыс етті.
«Сіз көрнекті ғалым ғана емес, ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы және жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгерсіз. Ғылым мен білім жолындағы қажырлы еңбегіңіз бен жоғары адамгершілік қасиеттеріңіз әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіз үшін әрдайым үлгі болып қала береді», - делінген университет ректорының құттықтауында.
Ғылыми форум математиканың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
