
Күн панельдерінен пластикті қайта өңдеуге дейін: ЕҰУ-да тұрақты болашақ технологиялары талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңартылатын энергетика және инженерлік экология саласындағы REEE 2026 IX халықаралық конференциясы өтті. Іс-шара Азия, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінен келген академиялық қауымдастық өкілдерін, өндіріс саласының мамандарын, сондай-ақ экология, инженерия және ақпараттық технологиялар бағытындағы халықаралық сарапшыларды бір алаңға тоғыстырды.
Конференция барысында экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық жобалар, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдануға негізделген шешімдер таныстырылды. Сонымен қатар жаңартылатын энергетика мен инженерлік экология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми тәжірибе алмасу және жаңа бірлескен зерттеу жобаларын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Жиынның ашылуында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Жаратылыстану ғылымдары институты Химия кафедрасының меңгерушісі Эльдар Копишев іс-шараның өзектілігін атап өтті.
«Алдағы күндері талқыланатын мәселелерден маңызды тақырып жоқ шығар. Біз қоғамды табиғи ресурстарды сарқымай энергиямен қалай қамтамасыз етеміз? Қалдықтарды қалай құнды ресурсқа айналдырып, тұтынудың сызықтық моделінен шынайы айналым экономикасына көшеміз?
Конференция барысында бұл сұрақтар үш негізгі бағыт аясында қарастырылады: тұрақты энергетикалық жүйелерде жасанды интеллектті қолдану, экологиялық басқару және экожүйелерді сақтау, сондай-ақ ресурстарды қалпына келтіру мен табиғи қорларды орнықты басқару. Барлық осы бағыттарды біріктіретін ортақ ұстаным – ғылым тек прогреске ғана емес, сонымен қатар планетамыздың мүддесіне де қызмет етуі тиіс», – деді ғалым.
Конференцияның басты ерекшелігі – академиялық ғылым, білім беру және өндіріс салалары өкілдерінің бір алаңда жиналуында.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Жоғары технологиялар колледжінің ғалымы Асим Омари өз баяндамасында жаңартылатын энергия көздерін тиімді басқару үшін жел жылдамдығын болжауға арналған зерттеу нәтижелерін ұсынды.
«Зерттеу нәтижелері ауыл шаруашылығында неғұрлым сапалы шешімдер қабылдауға және қолданыстағы жүйелерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мысалы, жел турбиналарының жұмысын жетілдіруге, энергетикалық жүйелердің тиімділігін арттыруға және аграрлық жоспарлауды жақсартуға ықпал етеді. Мұның бәрі ел экономикасына және басқа да көптеген салаларға оң әсерін тигізеді», – деді шетелдік зерттеуші.
Конференция аясында жаңартылатын энергия көздерін бақылауға арналған машиналық оқыту технологиялары, мұнай өңдеу саласындағы цифрлық егіздерді пайдалану, пластик қалдықтарын қайта өңдеу, «жасыл» сутегін өндіру, сондай-ақ қайталама шикізаттан сирек кездесетін және платина тобына жататын металдарды алу бағытындағы инновациялық жобалар таныстырылды.
Пенсильвания мемлекеттік университетінің ассистент-профессоры Мазияр Растманеш күн энергетикасының тиімділігін арттыруға арналған зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Ғалым күн панельдерінің жұмысына жүктеме мен ауа райы жағдайларының әсерін зерттеп, күн сәулесі аз болған жағдайда да электр энергиясын тұрақты өндіруге мүмкіндік беретін шешімдерді әзірлеуде. Оның айтуынша, мұндай технологиялар энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп, таза энергия көздеріне көшуді жеделдетуде маңызды рөл атқарады.
Сингапурдағы Accelerated Materials Pte Ltd компаниясының өкілі, доктор Максим Кирюхин жасанды интеллект көмегімен медицинада, тамақ өнеркәсібінде және тұтыну тауарларын өндіруде қолданылатын перспективалы материал – ватеритті алудың оңтайлы шарттарын автоматты түрде анықтайтын технологияны таныстырды. Бұл әдіс материалды өнеркәсіптік көлемде әлдеқайда жылдам әрі тиімді өндіруге мүмкіндік береді.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Мұнай химиясы және полимерлік материалдар зертханасының ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Мұнай-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының атқарушы директоры Гайни Сейтенова өз баяндамасында Қазақстандағы пластик қалдықтарын басқару мәселесіне тоқталды.
Химиялық инженерия профессорының айтуынша, еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымы әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған, ал қайта өңделетін материалдар құрамындағы пластиктің үлесі әзірге төмен.
Баяндамашы Қазақстанның бір мезгілде полимер өндірісін дамытып жатқан әрі қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастырып отырған мемлекет ретіндегі ерекше әлеуеті айналым экономикасы қағидаттарын өнеркәсіптік даму үдерісіне тікелей енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ ол мұнай-химия саласының тұрақты дамуы қалдықтарды қайта өңдеуге, инновациялық технологияларға және халықаралық ынтымақтастыққа қатар инвестиция салуды талап ететінін, бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді экологиялық әрі экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Конференция жұмысы үш секция бойынша ұйымдастырылды. Олар тұрақты энергетикалық жүйелер мен айналым экономикасына арналған жасанды интеллект шешімдері, энергетикалық жүйелердегі экологиялық факторлар мен тұрақты экологиялық басқару, сондай-ақ ресурстарды қалпына келтіру және оларды орнықты пайдалану мәселелерін қамтыды.
