
ЕҰУ мен Н. Э. Бауман атындағы ММТУ метрология және инженерлік білім беру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Н. Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті метрология, стандарттау, өнім сапасын басқару және инженерлік білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған онлайн-кездесу өткізді.
Іс-шараға қатысушыларды ЕҰУ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Ермек Көмекбаев және техникалық реттеу мен метрология саласындағы халықаралық сарапшы Қуаныш Елікбаев құттықтау сөздерімен қарсы алды.
Талқылауға ЕҰУ-дың Көлік-энергетика факультеті мен Стандарттау, сертификаттау және метрология кафедрасының өкілдері, сондай-ақ Н. Э. Бауман атындағы ММТУ-дың «Машина жасау технологиялары» факультеті мен «Метрология және өзара алмастырымдылық» кафедрасының басшылары мен оқытушылары қатысты.
Кездесу барысында тараптар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибелерді ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырды. Цифрлық метрологияны дамыту, стандарттау үдерістерін жетілдіру және жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар сондай-ақ ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірлескен ғылыми-практикалық конференциялар, олимпиадалар, семинарлар және басқа да білім беру іс-шараларын өткізу перспективаларын талқылады.
Онлайн-кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестік байланыстарды одан әрі дамытуға және білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделілік танытатынын растады.
