
ЕҰУ-да халықаралық қатынастар факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Еуразия ұлттық университеті биылғы оқу жылында тағы да қазақстандық ең үздік үш жоғары оқу орнының қатарынан көрінді. Отыз жыл ішінде ЕҰУ 100 мыңнан астам жоғары білімді маман дайындады. Олардың барлығы экономиканың түрлі салаларында табысты еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Елордада жұмыс істейтін жас мамандардың үштен бірі – Еуразия ұлттық университетінің түлекетері.
Бұл туралы бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің бітіруші түлектеріне салтанатты диплом табыстау рәсімінде айтылды.
Іс-шараға университет басшылығы, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, дипломатиялық корпус өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты. Салтанатты жиында ЕҰУ Басқарама төрағасы – ректор міндетін атқарушы, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай сөз сөйлеп, жас мамандарды оқу орнын сәтті аяқтауларымен құттықтады. Ол түлектерге алдағы кәсіби жолдарында табыс, жаңа жетістіктер мен ел дамуына үлес қосатын білікті маман болуларын тіледі.
«Құрметті түлектер! Бүгін сіздер үшін ерекше әрі тарихи күн. Университет қабырғасында алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз алдағы өмір жолдарыңызда берік негіз болады деп сенемін. Халықаралық қатынастар саласы – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды бағыт. Біздің түлектеріміздің арасында министр де, вице-министр де, депутаттар да бар, сол аға-әпкелеріңнің жолын берсін. Сіздерді диплом алуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы мақсаттарыңызға жетіп, кәсіби және жеке өмірлеріңізде толағай табыстарға қол жеткізулеріңізге тілектеспін, Ақ жол!», - деді Ардақ Бейсенбай.
Халықаралық қатынастар факультетінің «Аймақтану», «Саясаттану», «Шығыстану», «Халықаралық қатынастар», «Түркітану», «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша бітірген 311 түлек (оның 229-ы бакалавриат, 82-сі магистратура) енді мемлекеттік қызмет, дипломатия, халықаралық ұйымдар, сараптамалық орталықтар және басқа да салаларда еңбек жолын жалғастыра алады.
«Бүгін біз үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. Университетте алған біліміміз бен тәжірибеміз болашақтағы кәсіби жолымызға берік негіз қалады. Осы жылдар ішінде бізге сапалы білім беріп, бағыт-бағдар көрсеткен оқытушыларымызға, қолдау білдірген ата-аналарымызға және университет ұжымына зор алғысымызды білдіреміз. ЕҰУ-да өткен студенттік жылдар біздің өміріміздің ең жарқын кезеңдерінің бірі болып қала береді. Алған білімімізді ел игілігі жолында жұмсап, Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Барша түлектерді осы маңызды белеспен құттықтаймын!» - деді халықаралық қатынастар факультетінің түлегі Нұрайым Бөлегенова.
Бүгінгі қуанышты сәттің бір куәгері жақынының жетістігіне қуанып, ақ тілегін жеткізген Зейнеп Умарова болды. Ол түлек Молдабекова Жанардың Еуазия ұлттық университетінде білім алып, үлкен өмірге қадам басуы үшін әрдайым қолдау көрсеткен жандардың бірі және 2015 жылы өзі де ЕҰУ-да оқып, «Шетел филологиясы» бойынша магистратура бітірген.
«Сіңілім Жанардың көп жылғы еңбегінің жемісін көріп, оның жоғары білім туралы диплом алу сәтіне куә болып отырғаныма қуаныштымын. Төрт жыл бойы білім мен тәрбие берген университет басшылығына, оқытушылар қауымына және барлық қызметкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Жетекші ұлттық университеттен алған білімі мен тәрбиесі болашақта өз саласының білікті маманы болып қалыптасуына жол ашады деп сенемін. Барша түлектерге жарқын болашақ, толағай табыс және биік белестер тілеймін!» - деді ол.
Диплом тапсыру рәсімінде оқу мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан түлектердің есімдері аталып, олардың ата-аналарына ерекше алғыс айтылды. Шара мерекелік көңіл-күйде өтіп, түлектер мен оқытушылар естелік суретке түсті.
