
ЕҰУ-дың жас заңгерлері диплом алып, ұстаздарынан ақжолтай тілек естіді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң факультетінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Мерекелік шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ардагерлер, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
Салтанатты шараны ашқан Басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индирa Рыстина бітіруші түлектерді маңызды белеспен құттықтап, алған білімдері мен кәсіби дағдыларының ел дамуына қызмет ететініне сенім білдірді. Ол жас мамандарға алдағы еңбек жолында табыс, жауапкершілік және биік жетістіктер тіледі.
«Бүгін сіздер қолдарыңызға алып отырған диплом – жай ғана білім мен дағдыларды растайтын құжат емес. Ол – төрт жылдық қажырлы еңбектің, табандылықтың, ізденістің және үлкен жауапкершіліктің нәтижесі. Осы уақыт ішінде өз білімдеріңізді жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан қалыптасып, бүгінгі маңызды белеске жеттіңіздер. Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің заңды жемісі. Үнемі ізденісте болып, өздеріңізді дамытып отырыңыздар. Болашақта білікті маман, елге қызмет ететін азамат және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мақтан тұтар түлектері боласыздар деп сенеміз», - деді проректор.
Өз кезегінде Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы жас заңгерлердің қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін нығайту жолында абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді. Университет әрдайым жастардың жаңа жобаларын, тың бастамаларын, мақсаттары мен жоспарларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
«Түлектердің жетістіктері – университетіміздің де жетістігі. Бүгінде еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам өмірінде орнықтыруда сіздердің рөлдеріңіз ерекше. Әсіресе заңгер мамандығын таңдаған түлектер үшін бұл үлкен жауапкершілік. Жаңартылған Конституция мен қабылданып жатқан жаңа заңдардың тиімді жүзеге асуы кәсіби әрі білікті мамандардың еңбегіне байланысты», - деді Ләззат Төлегенқызы.
Салтанатты рәсім барысында дипломдарды құқық саласында абыройлы қызмет етіп жүрген тәжірибелі мамандар мен сала ардагерлері де табыстады.
«Қай қызметте жүрсеңіздер де әділдік пен заңдылық қағидаттарына адал болып, кәсіби біліктіліктеріңізді үнемі жетілдіріп отырыңыздар. Елдің сенімін ақтап, қоғамның дамуына үлес қосатын білікті маман болуларыңызға тілектеспін», - деді ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры Алмас Ешанов.
Іс-шара барысында түлектердің ата-аналары да сөз сөйлеп, университет ұжымына сапалы білім мен тәлім-тәрбие бергені үшін ризашылықтарын жеткізді. Күлқайыр Садуақасқызы немересі Жансая Мәуленнің диплом алуына куә болу үшін арнайы Балқаш қаласынан келіпті.
«Бүгін біз үшін ерекше әрі қуанышты күн. Жансая қызымыз әулеттің тұңғыш немересі.Оның осындай маңызды белеске жеткенін көру – біз үшін үлкен бақыт. Осы жылдар бойы білім мен тәрбие берген университет ұжымына, оқытушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Барша түлектерге жарқын болашақ пен толағай табыс тілеймін», - деді Күлқайыр әже.
Диплом табыстау рәсімі түлектер үшін жаңа өмір кезеңіне жол ашқан маңызды әрі әсерлі сәт болды. Енді олар алған білімдерін тәжірибеде қолданып, еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына өз үлестерін қоспақ.
«Бүгін біз студенттік өмірмен қоштасып, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Университетте алған біліміміз бен тәжірибеміз болашақтағы кәсіби жолымызға берік негіз болады деп сенемін. Бізге бағыт-бағдар берген ұстаздарымызға, әрдайым қолдау көрсеткен куратор мен ата-аналарымызға алғыс айтамыз. Алда үлкен жауапкершілік күтіп тұр, біз оған дайынбыз», - деді үздік диплом иегері Жанэл Орынбасар.
Салтанатты шарада қуанышқа қуаныш қосылған сәттер де болды.Өздеріңізге белгілі, университет жанында әскери мамандар даярлайтын Әскери кафедра табысты қызмет атқарып келеді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 12 маусымдағы №152-Оқ бұйрығына сәйкес, 2026 жылы Әскери кафедраны тәмамдаған түлектердің бір тобына офицерлік әскери атақтар берілді.
Осы орайда, Әскери кафедраны аяқтап, «лейтенант» әскери атағына ие болған Заң факультетінің түлектеріне погондар мен офицерлік шендерді Әскери кафедраның бастығы, генерал-майор Еділ Оразов салтанатты түрде табыс етті.
«Бұл – түлектеріміздің білім мен тәрбие жолындағы жетістіктерінің ғана емес, Отан алдындағы жауапкершілікке дайын екендіктерінің де айқын көрінісі» - деді генерал-майор Еділ Оразов.
