
ЕҰУ-дың коммерцияландыру жобасы мен қазақстандық ғалымдардың жетістіктері әлемдегі ең ірі геотехникалық конференция – ICSMGE 2026-да таныстырылды

«Қазақстандағы құрылыс кезінде негіздер мен іргетастарды оңтайландыруға арналған геоақпараттық деректер базасы – жасанды интеллект әзірлеу» атты ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жобасын іске асыру аясында, «Ғылым қоры» АҚ қаржыландыруымен қазақстандық ғалымдар делегациясы Австрияның Вена қаласында өткен Топырақ механикасы және геотехникалық құрылыс жөніндегі 21-ші халықаралық конференцияға (21st International Conference on Soil Mechanics and Geotechnical Engineering – ICSMGE 2026) қатысты.
ICSMGE – топырақ механикасы, геотехника, инженерлік геология және іргетас құрылысы салаларындағы әлемдегі ең ірі әрі беделді ғылыми форумдардың бірі. 2026 жылы конференцияға әлемнің 100-ден астам елінен 2000-нан астам ғалым, инженер, зерттеуші, бизнес өкілдері мен кәсіби ұйымдардың мүшелері қатысты. Бұл конференцияның жоғары халықаралық мәртебесін және заманауи геотехникалық ғылым мен тәжірибені дамытудағы маңызын айқын көрсетеді.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан геотехникалық қауымдастығының президенті, Геотехникалық институттың директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрылыс» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Асқар Жүсіпбеков басқарды.
Делегация құрамында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Құрылыс» кафедрасының профессор міндетін атқарушы Н. Әлібекова, Геотехникалық институттың ғылыми қызметкері Б. Абдрахманова, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы А. Жақулин, сондай-ақ Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, PhD докторы А. Исақұлов болды.
Конференцияның ғылыми бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдар инженерлік геология, топырақ механикасы, негіздер мен іргетастарды жобалау, геотехникалық мониторинг және құрылыс саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне арналған зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Конференция қатысушыларының ерекше қызығушылығын «Ғылым қоры» АҚ қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатқан DP25997309 «Қазақстандағы құрылыс кезінде негіздер мен іргетастарды оңтайландыруға арналған геоақпараттық деректер базасы – жасанды интеллект әзірлеу» коммерцияландыру жобасының нәтижелері тудырды. Жоба Қазақстан Республикасының аумағында әртүрлі мақсаттағы нысандарды салу кезінде тиімді жобалық шешімдер қабылдау үшін инженерлік-геологиялық деректерді жинақтау, жүйелеу және жасанды интеллект технологиялары арқылы талдауды қамтамасыз ететін интеллектуалды геоақпараттық платформаны құруға бағытталған.
Жоба аясында Н. Әлібекова «Application of GIS Technology in Engineering-Geological Surveys» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Баяндама инженерлік-геологиялық ізденістер жүргізу барысында геоақпараттық технологияларды қолдануға және оларды коммерцияландыру жобасы шеңберінде әзірленіп жатқан геоақпараттық деректер базасына біріктіруге арналды.
Зерттеуде геоақпараттық жүйелерді инженерлік-геологиялық деректерді жинау, сақтау, өңдеу, талдау және визуализациялау мақсатында пайдаланудың заманауи тәсілдері қарастырылды. Алынған нәтижелер ГАЖ технологияларының инженерлік ізденістер сапасын арттыру, жобалау мерзімдерін қысқарту, құрылыс тәуекелдерін төмендету және негіздер мен іргетастарды жобалау тиімділігін арттырудағы зор әлеуетін көрсетті.
Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі қазақстандық делегация жетекшісі Асқар Жүсіпбековтің халықаралық деңгейде мойындалуы болды. Конференция барысында Халықаралық топырақ механикасы және геотехникалық құрылыс қоғамы (ISSMGE) оған 2014–2025 жылдары TC305 «Geotechnical Infrastructure for Megacities and New Capitals» техникалық комитетінің төрағасы қызметіндегі көрнекті көшбасшылығы мен көпжылдық еңбегі үшін арнайы марапат табыстады.
Бұл марапат қазақстандық геотехникалық мектептің жоғары халықаралық беделін және профессор Асқар Жүсіпбековтің әлемдік геотехникалық ғылымды дамытуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және геотехникалық құрылыс саласындағы инновациялық шешімдерді ілгерілетуге қосқан зор үлесін айғақтайды.
Қазақстандық делегацияның әлемдегі ең ірі геотехникалық форумға қатысуы жоба нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға, жетекші мамандардың сараптамалық бағасын алуға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және инженерлік-геологиялық ізденістерді цифрландыру, геотехникалық жобалау мен құрылыста жасанды интеллектті қолдану салаларындағы халықаралық ынтымақтастық перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.
DP25997309 жобасының нәтижелерін осындай беделді халықаралық алаңда таныстыру отандық ғылыми әзірлемелерді ілгерілетуге, қазақстандық ғылымның халықаралық танымалдылығын арттыруға және құрылыс саласына инновациялық цифрлық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Жобаны іске асыру «Ғылым қоры» АҚ қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда және Қазақстандағы инженерлік-геологиялық ізденістер мен геотехникалық жобалау үшін заманауи цифрлық құралдарды әзірлеуге бағытталған. Бұл құрылыс саласының сенімділігін, қауіпсіздігін және экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Профессор Асқар Жүсіпбековтің айтуынша, ICSMGE 2026 конференциясына қатысу қазақстандық ғылымды халықаралық деңгейде ілгерілетуге, академиялық байланыстарды нығайтуға және әлемдік озық технологияларды Қазақстандағы жобалау мен құрылыс тәжірибесіне енгізуге ықпал етеді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, өз ғалымдарының әлемдік деңгейдегі ірі ғылыми алаңдарға қатысуын қолдай отырып, отандық ғылымның жаһандық зерттеу кеңістігіне ықпалдасуына үлес қосуда.
