
ЕҰУ Заң факультеті ШЫҰ елдерінің заң жоғары оқу орындары қауымдастығының форумына қатысты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2026 жылғы 11–13 маусым аралығында Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің базасында өткен «ШЫҰ бастамаларын іске асырудағы заң жоғары оқу орындары қауымдастығының рөлі» тақырыбындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің заң жоғары оқу орындары қауымдастығы форумына қатысты.
Форумға ШЫҰ мүше мемлекеттердің жетекші заң жоғары оқу орындарының басшылары мен өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ғылыми-білім беру қауымдастығының өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты.
Форум жұмысына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті атынан Басқарма мүшесі – Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы, заң факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Мұратова Алуа Жасланқызы және аталған кафедраның аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Енсебаева Әнел Рахметжанқызы қатысты.
Пленарлық отырыс барысында ЕҰУ проректоры Ләззат Төлегенқызы құттықтау сөз сөйлеп, ШЫҰ мемлекеттерінің университеттері арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Еуразия ұлттық университетінің халықаралық білім беру кеңістігіндегі жетістіктерін атап өтіп, форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетіне алғысын білдірді. Өз сөзінде ол заң білімін дамыту мен академиялық ұтқырлықты ілгерілетудегі Шанхай саяси-құқықтық университеті мен ШЫҰ елдеріне арналған Халықаралық заңгер кадрларды даярлау және ынтымақтастық орталығының маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Форум алаңдарында қатысушылар ШЫҰ кеңістігіндегі заң білімін дамыту, цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау, халықаралық ынтымақтастықты жетілдіру, академиялық ұтқырлық мәселелерін, сондай-ақ университеттердің құқықтық қауіпсіздік пен өңір мемлекеттерінің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі рөлін талқылады.
Іссапар барысында ЕҰУ өкілдері Шанхай саяси-құқықтық университетінің (ҚХР) басшылығымен жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесу барысында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту, білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық ұтқырлығын кеңейту, сондай-ақ ШЫҰ мемлекеттері үшін кадрлар даярлау бағдарламаларына қатысу перспективалары қарастырылды.
Сонымен қатар, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры Чонтоев Догдурбек Токтосартұлымен кездесу өтті. Тараптар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру және жаңа білім беру бастамаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
ШЫҰ елдерінің заң жоғары оқу орындары қауымдастығы форумына қатысу Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетістіктерін халықаралық деңгейде таныстыруға, ШЫҰ кеңістігіндегі жетекші университеттермен серіктестік байланыстарды нығайтуға және заң білімі, ғылым мен жоғары білікті кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
