
Алуа Муратова ШЫҰ елдерінің заң жоғары оқу орындары қауымдастығы форумында цифрлық қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша баяндама жасады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Алуа Жасланқызы Муратова 2026 жылғы 11–13 маусым аралығында Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің базасында өткен «ШЫҰ бастамаларын іске асырудағы заң жоғары оқу орындары қауымдастығының рөлі» тақырыбындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің заң жоғары оқу орындары қауымдастығы форумына қатысты.
«Білім беру, ғылым және практиканы ықпалдастыру: ШЫҰ елдері үшін заң кадрларының тағылымдамадан өту орталығын құру» атты панельдік пікірталас аясында Алуа Муратова «ШЫҰ елдерінде цифрлық қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жаңа буын заңгерлерін даярлау» тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзінде баяндамашы цифрлық технологиялардың, жасанды интеллекттің, үлкен деректердің және онлайн-платформалардың қарқынды дамуы құқық қорғау жүйесі мен заңгерлік білім беру саласына жаңа сын-қатерлер туғызып отырғанын атап өтті. Әсіресе киберқылмысқа, онлайн-алаяқтыққа, жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға, deepfake технологиялары мен әлеуметтік инженерия арқылы жүзеге асырылатын құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Баяндама барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заңгерлік білім беруді жаңғырту және цифрлық дәуірге қажетті мамандар даярлау бағытындағы тәжірибесі таныстырылды. Форум қатысушыларына Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасы мен Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институты бірлесіп әзірлеген «Цифрлық криминалист» атты жаңа пәнаралық білім беру бағдарламасы ұсынылды. Бағдарлама цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік, цифрлық дәлелдемелерді талдау және заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарды тергеу салаларында құзыреттерге ие магистранттарды даярлауға бағытталған.
Форум қатысушыларының ерекше қызығушылығын Алуа Мұратованың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан AP26103625 «Deepfake-технологиялары мен әлеуметтік инженерия арқылы онлайн-алаяқтық: қылмыстық-құқықтық қарсы іс-қимыл мәселелері, заңнамалық реттеу келешегі» атты ғылыми жобасының нәтижелері тудырды. Баяндама аясында жасанды интеллект технологиялары мен deepfake-контентті пайдалануға негізделген цифрлық алаяқтықтың заманауи түрлерін зерттеу нәтижелері ұсынылып, цифрлық трансформация жағдайында қылмыстық заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдірудің өзекті мәселелері қарастырылды.
Баяндамашы онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың шетелдік тәжірибесіне жүргізілген салыстырмалы-құқықтық талдау нәтижелерімен бөлісіп, трансұлттық цифрлық қылмыстың жаңа түрлеріне қарсы күресте ШЫҰ мемлекеттерінің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар құқық пен заманауи технологиялардың тоғысында тиімді жұмыс істей алатын мамандар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ сөз барысында ШЫҰ мемлекеттеріне арналған Халықаралық заңгер кадрларды даярлау және ынтымақтастық орталығының, сондай-ақ «Shanghe Youth» бағдарламасының маңыздылығы атап өтілді. Алуа Муратова 2024 жылғы аталған бағдарламаның алғашқы легінің түлегі ретінде мұндай бастамалардың ШЫҰ елдерінің жас ғалымдары мен заңгерлері арасында халықаралық кәсіби қауымдастық қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Пікірталас қорытындысы бойынша форум қатысушылары цифрлық құқық, цифрлық криминалистика, академиялық ұтқырлық және бірлескен ғылыми зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық танытты. Форумға қатысу Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми-білім беру әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және ШЫҰ мемлекеттерінің цифрлық болашағы үшін заң кадрларын даярлау саласындағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
