
Дихан Қамзабекұлына ЕҰУ-дың Құрметті профессоры атағы берілді
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында көрнекті ғалым, әдебиеттанушы, алаштанушы, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлының мерейлі жасына арналған «Елшіл жол: тарих, руханият және біз» атты кездесу өтті.
Рухани басқосуға еліміздің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер қатысып, мерейтой иесінің ғылым мен білім саласындағы еңбегіне жоғары баға берді.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хаты оқылды.
«Отандастарымыз өзіңізді көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, жоғары оқу жүйесінің ұйымдастырушысы, медиа саласындағы білікті сарапшы ретінде жақсы біледі.
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан басталған еңбек жолыңыз жемісті болды. Жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарып, білім мен ғылым саласын дамытуға кәсіби мамандар даярлауға қосқан үлесіңіз өте мол.Алаш қайраткерлерінің өмірі мен мұраларын зерттеп, кейінгі ұрпаққа қажет құнды еңбектер жаздыңыз.
Саяси-әкімшілік және қоғамдық істерге белсенді атсалысып, маңызды міндеттерді орындап жүрсіз.Ұтымды ұсыныстарыңыз бен бастамаларыңыз қолдау тауып келеді.
Алдағы уақытта қазақ басылымдарының беделін арттыруға, отандық баспасөздің рөлін күшейтуге, халық пен билік арасындағы алтын көпірді нығайта түсуге күш-қайратыңызды арнай бересіз деп сенемін», - делінген Президент құттықтауында.
Сондай-ақ жиынға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтаулары жеткізілді. Құттықтау хаттарында Дихан Қамзабекұлының ұлттық ғылым мен руханиятты дамытудағы, алаштану саласын зерттеудегі және қоғамдық ой-сананың өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі ерекше атап өтілді.
Іс-шара барысында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Дихан Қамзабекұлын мерейлі жасымен құттықтап, оның ұлттық руханиятты дамытуға, алаштану ғылымын өркендетуге, Еуразия ұлттық университетін қалыптастыруға және жас ғалымдарды тәрбиелеуге қосқан зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ ректор Ғылыми кеңестің шешімімен Дихан Қамзабекұлына университеттің ең жоғары марапаттарының бірі - ЕҰУ-дың Құрметті профессоры атағын табыстады және «Елшіл жолмен» «Байыппен» жүре беріңіз!» деген бір ауыз тілек қосты.
Кездесуде сөз алған Серік Негимов, Сауытбек Абдрахманов, Жарылқап Бейсенбай, Шархан Қазығұл, Дархан Мыңбай, Зиябек Қабылдинов, Кәрімбек Құрманәлиев, Қалқаман Сарин, Жанат Әскербекқызы, тағы басқа әріптестері мен шәкірттері ғалымның ғылыми-шығармашылық жолына тоқталып, оның қазақ тарихы мен руханиятын зерттеудегі еңбектерінің маңызын ерекше атап өтті.
«Дана халқымыз «Атына заты сай» дейді.Расында да есімінде үлкен мән бар. «Дихан» – жер өңдеуші, егінші, берекенің бастауы.Жақсы дихан жердің әр түйір топырағын қадірлеп, оны баптап, күтіп, мол өнім алады.
Ал Дихан Қамзабекұлы өмір бойы ғылым мен руханияттың кең алқабын өңдеп келеді.Қазақ тарихының әр дерегін, халқымыздың мұрасының әр қазынасын зерттеп, халқына қайта табыстады, жерге ғана емес, жүрекке де дән сеуіп келеді.
Сол дәннен мыңдаған шәкірт өсіп шықты.Сол еңбектен ондаған ғылыми еңбек дүниеге келді.Сол қамқорлықтың арқасында ұлттық сана мен тарихи жадының мәуелі бағы жайқалып тұр.
Сондықтан біз бүгін тек көрнекті ғалымды ғана емес, өмір бақшасының қазақ ғылымының мәуелі бағының жанашыр бағбанын, руханиятымыздың диқанын құрметтеп отырмыз.
Нағыз бағбан ағаштың бүгінгі жемісін емес, ертеңгі болашағын ойлайды. Дәкең де бүкіл ғұмырын келер ұрпақтың рухани байлығына арнады.
Оның өндірген ең асыл әрі ең Ұлы өнімі, терең өңдеудің нәтижесі – ұлттық сана, ұлттық рух және елге қызмет ететін білімді ұрпақ», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Марат Әзілханов.
Мерейтойлық жиын аясында Дихан Қамзабекұлының жаңадан жарық көрген «Елшіл жол» және «Байып» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа еңбектерде автордың ұлттық құндылықтар, тарих, руханият және қоғамдық ой-толғамдары кеңінен қамтылған.
Тағылымды кездесу ғылым мен руханият сабақтастығын дәріптеген мазмұнды пікір алмасуға ұласып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Дихан Қамзабекұлына шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тілеген зиялы қауым өкілдері оның еңбектері алдағы уақытта да ұлттық ғылым мен руханияттың дамуына қызмет ете беретініне сенім білдірді.
