
РОӘК ОӘБ әлеуметтік жұмыс мамандарын даярлауды дамытудың басым бағыттарын айқындады

РОӘК ОӘБ «Әлеуметтік жұмыс» кадрларын даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының кезекті мәжілісі өтті. Мәжілісте білім беру бағдарламаларын жетілдіру, әлеуметтік жұмыскерлерді даярлау мазмұнына өзекті оқу курстарын енгізу, жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ 2025 – 2026 оқу жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылау мәселелері қаралды.
Мәжілісті Ардақ Бейсенбай жүргізіп, күн тәртібіндегі әр мәселе бойынша, әлеуметтік жұмыс кадрларын даярлау сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар берді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының әлеуметтік қорғау саласы кадрларын даярлауда білім беру бағдарламаларын жетілдіруге арналған ұсыныстары тыңдалды. Аталған мәселе бойынша А.Абинова баяндама жасап, әлеуметтік қорғау жүйесінің қазіргі талаптарын білім беру бағдарламаларының мазмұнында ескеру қажеттігіне тоқталды.
Талқылау барысында әлеуметтік топтарымен жұмыс істеу, қажеттіліктерді бағалау, кейс-менеджмент, инклюзия, әлеуметтік қызметтердің сапасы және кәсіби-этикалық құзыреттерді күшейту мәселелері білім беру бағдарламаларын жаңарту кезінде назарға алынуы тиіс екені атап өтілді. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс білім беру бағдарламаларының мазмұнын сараптау және олардың практикалық бағдарын күшейту мақсатында Ұлттық ғылыми орталық өкілдерімен консультациялық-әдістемелік өзара іс-қимылды жалғастыру ұсынылды. «Мүгедектігі бар адамдардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қою» оқу курсын әзірлеу, оны білім беру бағдарламаларына енгізу мәселесі қаралды. Бұл бағытта Г.Молдақұлова мен Қ.Мұхамбетова баяндама жасап, курстың әлеуметтік жұмыскерлерді даярлау жүйесіндегі маңызын атап өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе аясында «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен зерттеу жобаларын іске асырудағы және оларды оқу жоспарларына енгізудегі жоғары оқу орындары арасындағы өзара байланыс мүмкіндіктері мен перспективалары талқыланды. Бұл мәселе бойынша Д.Досмурзаева баяндама жасап, бірлескен ғылыми жобаларды білім беру үдерісімен ұштастырудың тиімді жолдарына тоқталды. Мәжілісте жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, бірлескен зерттеу нәтижелерін оқу жоспарларына интеграциялау, сондай-ақ элективті пәндер, зерттеу семинарлары, практикалық сабақтар, оқу-өндірістік практика, курстық және бітіру жұмыстары арқылы білім беру үдерісіне енгізу ұсынылды.
Мәжілісте «Әлеуметтік жұмыс» кадрларын даярлау бағытының 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстары туралы есеп тыңдалды. Секция жетекшісі Қ.Мұхамбетова осы оқу жылында атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып, алдағы оқу жылына арналған басым бағыттарды атап өтті. Нәтижесінде келесі оқу жылында практикалық дайындықты күшейту, жұмыс берушілермен және әлеуметтік қорғау ұйымдарымен әріптестікті кеңейту, инклюзивті және этикалық құзыреттерді дамыту басым бағыттар ретінде белгілеу ұсынылды.
Әртүрлі мәселелер бөлімінде әлеуметтік жұмыс саласындағы микробіліктіліктер жүйесін дамыту және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қосымша білім беру және кәсіптік институты мен Әлеуметтік қызметкерлер қауымдастығы базасында әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін тану орталығын құру мәселесі қаралды. Әлеуметтік жұмыс саласындағы микробіліктіліктерді дамыту және әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін тану орталығын құру жөніндегі бастаманы қолдау мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Мәжіліс соңында А.Бейсенбай күн тәртібіндегі мәселелердің әлеуметтік жұмыс кадрларын даярлау сапасын арттырудағы маңызын атап өтіп, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді. Қорытынды кезеңде РОӘК ОӘБ жұмысына белсенді қатысып, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және оқу-әдістемелік бағыттағы жұмыстарды дамытуға үлес қосқан мамандарға РОӘК ОӘБ төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықов атынан құрмет грамотасы және алғыс хат табысталды.
Жиын барысында білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, оқу үдерісінің практикалық бағдарын күшейту, жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын дамыту және әлеуметтік жұмыс саласындағы кәсіби құзыреттерді жетілдіру бағытында маңызды ұсыныстар берілді.
