
131 қызыл диплом және 700-ден астам түлек: ЕҰУ-дың жаңа буын сәулетшілері, құрылысшылары мен дизайнерлері үлкен өмірге қадам басты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Сәулет-құрылыс факультеті түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – ЕҰУ-ды 700-ден астам жас маман тәмамдады. Олардың қатарында 554 бакалавр мен 155 магистр бар. Факультеттің ерекше мақтанышына айналған 131 түлек оқуын үздік аяқтап, қызыл дипломға ие болды.
Факультет түлектері – болашақ сәулетшілер, құрылысшылар, дизайнерлер мен инженерлер. Олар қалалардың заманауи келбетін қалыптастырып, Қазақстанның құрылыс саласының дамуына өз үлестерін қосатын болады.
Салтанатты шараға университет басшылығы, Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Ерлан Сабитов, кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен құрметті қонақтар қатысты. Мерекелік кеште ЕҰУ-дың «Кәусар» мәдени-ағарту бірлестігінің жетекшісі, опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай өнер көрсетті.
Түлектерді құттықтаған университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы дипломның көп жылдық еңбектің нәтижесі ғана емес, жаңа өмір кезеңінің бастауы екенін атап өтті.
«Биыл ЕҰУ-ді шамамен жеті мың жас маман тәмамдады. Бүгін сіздер өмірдің жаңа кезеңіне қадам басып отырсыздар. Оқу барысында тек кәсіби білім мен дағдыларды ғана емес, өмірлік тәжірибені де жинақтадыңыздар. Сіздердің білімдеріңіз елдің дамуына қызмет етіп, қоғамда өз орындарыңызды табуға жол ашады деп сенемін», – деді ол.
Салтанатты рәсім барысында үздік диплом иелеріне ерекше құрмет көрсетілді. Қызыл дипломдарды қорытынды аттестаттау комиссиясының төрайымы, «VIP EXPERTIZA» ЖШС өндірістік бөлімінің басшысы Дина Букенбаева, ЕҰУ түлегі әрі «The Akan Building» құрылыс компаниясының негізін қалаушы Бақытжан Ақан, факультет деканы Ерлан Сабитов және сәулет және дизайн саласындағы «Mon.Arch» студиясының негізін қалаушы, факультет түлегі Евгений Долдырин табыстады.
Олар университет қабырғасында алған білім мен тәжірибенің түлектерге білікті маман атанып, Қазақстандағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларының дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Салтанатты рәсім барысында ЕҰУ әскери кафедрасында запастағы офицерлер даярлау бағдарламасын сәтті аяқтаған факультеттің 40 түлегіне «лейтенант» әскери атағы берілді. Жас офицерлерге погондарды әскери кафедраның ресми өкілі, полковник Нұрлан Досмағамбетов салтанатты түрде табыстады.
Шара студенттердің кәсіби қалыптасуына қолдау көрсеткен оқытушылар мен ата-аналарға алғыс білдірумен аяқталды.
«Биыл Дизайн кафедрасында білім алған жиенім Аида Пірманова ЕҰУ-ді үздік аяқтап, қызыл дипломға ие болды. Ол оқу жылдары бойы жоғарылатылған шәкіртақы алып келді. Бұл біздің отбасымыз үшін ерекше қуанышты жыл болды. Себебі тағы екі жиенім мектепті “Алтын белгімен” тәмамдады. Осындай білім мен тәрбие берген университеттің профессор-оқытушылар құрамына алғысымды білдіремін. Балаларымыз бұл оқу орнына үлкен арманмен келіп, бүгінде өз саласының білікті маманы болып қанат қағып отыр. Барлық түлектерге сәттілік пен жарқын болашақ тілеймін», – деді Гүлназия Құрманбаева.
