
Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05209 – География білім беру бағдарламасының 2-курс білім алушылары Алматы өңірінде оқу практикасынан өтті

2026 жылғы 1–20 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институты Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05209 – География білім беру бағдарламасының 2-курс білім алушылары оқу практикасынан өтті. Практикаға барлығы 79 білім алушы қатысты: оның 75-і Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы далалық кезеңге барды, ал 4 білім алушы практика бағдарламасын университет қабырғасында орындады. Практикаға Н.Б. Зинабдин, Е.К. Шұлғаубаев, Г.Т. Оспан жетекшілік етті.
Оқу практикасының далалық кезеңі Алматы қаласы мен Алматы облысының табиғи нысандарында өтті. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әр маршрутқа екі үлкен автобус бөлді. Білім алушылар осы автобустармен Есік көлі, Түрген шатқалы, Шарын каньоны, Көлсай көлдері, Медеу, Шымбұлақ, Бутаковка, Аюсай және Үлкен Алматы көлі бағыттары бойынша зерттеу нүктелеріне барып, практика бағдарламасындағы тапсырмаларды орындады.
Практика аясында білім алушылар тау, тауалды, орман, шөл, көлдік және каньондық ландшафттарды салыстырмалы түрде зерттеді. Маршруттық бақылау кезінде смартфон арқылы трек жазып, бақылау нүктелерін белгіледі, жер бедері, топырақ жамылғысы, өсімдіктер, су нысандары мен табиғи процестерге сипаттама берді. Өсімдік түрлерін анықтау үшін PlantNet мобильді қосымшасы қолданылып, далалық журналдарға ландшафт сипаттамалары, фотофиксация материалдары және маршруттық деректер енгізілді.
Білім алушылар География және су қауіпсіздігі институтында болып, ғылыми зерттеу бағыттарымен танысты. Геоақпараттық технологиялар, географиялық зерттеулер, аймақтық климаттық өзгерістер, ландшафттану және табиғатты пайдалану, геотуризм және геоморфология бағыттарындағы зертхана жұмыстарымен танысу практика мазмұнын толықтырды.
Далалық кезең аяқталғаннан кейін білім алушылар 20 маусымға дейін университет қабырғасында, Физикалық және экономикалық география кафедрасында камералдық кезеңнен өтті. Бұл кезеңде далалық материалдар жүйеленіп, Google Earth және ArcGIS Pro бағдарламалары арқылы маршрут карталары, ландшафт профильдері, тақырыптық карталар мен жеке есептер дайындалды. Әр білім алушы оқу практикасы бойынша жеке есебін Smart ENU платформасына тапсырды.
Оқу практикасы білім алушылардың кәсіби даярлығын нығайтып, табиғи кешендерді зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталды. Практика барысында алынған тәжірибе физикалық география, ландшафттану, геоморфология, биогеография, су ресурстары, табиғи қауіптерді бағалау және геоақпараттық картографиялау бағыттары бойынша теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға негіз болды.
